Жыл басынан бері 804 млрд теңге зейнетақы төленді

Қазақстанда 2,3 млн-ға жуық зейнеткер бар
Жыл басынан бері 804 млрд теңге зейнетақы төленді

2020 жылғы қаңтар-сәуір аралығында базалық зейнетақыны төлеуге республикалық бюджеттен 249 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыға 554,8 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«2020 жылы сәуірде зейнетақы төлемдеріне республикалық бюджеттен 200,8 млрд теңге бөлінсе, оның 62,2 млрд теңгесі базалық зейнетақыны, 138,6 млрд теңгесі ынтымақты зейнетақыны құрады», - делінген хабарламада.

2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, Қазақстанда зейнеткерлер саны 2 225 900 адамды құрайды.

Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде базалық зейнетақы) 2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 90 560 теңгені құрады. Еске салайық, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, оның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер (бұдан әрі - МЗЖ) зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

«Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ды, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді», - делінген ведомство хабарламасында.
Айдары : Қоғам Тегтер : зейнеткер, зейнетақы