Қазақстанда азық-түлік бағасы бір жылда 10,4%-ға өсті

Бұл - 2017 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш
Қазақстанда азық-түлік бағасы бір жылда 10,4%-ға өсті

Қазақстанда азық-түлік бағасының қымбаттау деңгейі 2017 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді.

«Азық-түлік тауарлары бағасының бір айдағы өсімі 1,9%, жылдық өсім 10,4%-ға дейін жылдамдады, бұл 2017 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Биыл сәуірде негізінен жеміс мен көкөніс – 5,6%, қант – 6,2%, жарма – 3,4% қымбаттады», - деді Ұлттық банк басшысы.

Сауда және қызмет көрсету нысандары қызметінің тоқтауына байланысты азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының өсуі шамамен алдыңғы айдың деңгейінде сақталған.

«Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы жылдық көрсетуде 5,4%-ға өсті. Ұлттық валютаның әлсіреуіне байланысты дәрі-дәрмек пен жеке қолданыстағы тауарлар бағасының өсуі жанар жағармай бағасының төмендеуімен реттелді. Сәуірде бензиннің бағасы – 1,3%, дизель отынының бағасы 2,3% төмендеді», - деді Ұлттық банк төрағасы.  

Ал, ақылы қызметтер бағасының жылдық өсуі 3,5% деңгейінде сақталған. Бұған төтенше жағдай режимі кезеңінде коммуналдық қызметтер тарифтерінің уақытша төмендеуі әсер еткен.