Қазақша қапысыз сөйлейтін шенеуніктер

«Қазақстан» ұлттық арнасының «Апта» бағдарламасы қазақ тілінде сүйрінбей, қапысыз сөйлейтін атқамінерлердің ондығын анықтап, рейтинг жариялапты.


Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов те тілі жатық, қазақтың жалпақ тілімен кез келген мәселенің тігісін жатқызып жеткізеді. Ол кісінің бойынан бұқарамен жүздескенде ауызекі тілде әңгімелесудің әдемі өрнегін көре аламыз. Сан алуан шара мен алқалы жиындарда қазақ тілінің қадірін арттырып сөйлейтін Көлгінов мырза да біздің рейтингте көш басына шыққан тұлғалардың бірі.

Аймақтарда көзге жиі түсіп жүрген тұлғалардың бірі Оңтүстіктің әкімі Жансейіт Түймебаев. Қазақ тілінің сүйегін шағып, майын ішкен — Жансейіт Қансейітұлының байырғының билеріндей жарқырап сөйлейтін сәттері жиі кездеседі. Сосын қазіргі шенеуніктердің ішінде тек қазақ тілінің қадір-қасиетін зерттеп, ғылыми еңбек жазған жалғыз тұлға. Туған тілінде түйдектетіп сөйлеп, түрлі ой тастайтын Түймебаев қазіргі шенділердің қай-қайсысына да үлгі. Әсіресе, ұлттық құндылықтар мен руханият мәселесіне келгенде қазақ тілінің қарымы мен алымын танытып төгіле жөнелетіні бар.

Елге етене жақын, ана тілінде ағытылып сөйлейтін ділмардың бірі әрі бірегейі — Дәурен Абаев. Ақпарат және коммуникациялар министрі мемлекеттік тілге келгенде басқалар секілді қара жаяу емес. Дәурен Әскербекұлы ана тілде айшықты сөйлеп қана қоймай, бабалар тіліне деген шексіз махаббат пен құрметтің ғажап үлгісін көрсетіп, былтыр қазақтың қара өлеңін мәнерлеп тұрып оқығаны жұрт есінде.

Былайғы уақытта ақпарат құралдарына жиі шығып, жарқырап көріне беруді қалай қоймайтын Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің қазақшасы қарымды. Сөздің емес, істің адамы. Әдеби тілмен әдемі сөйлегенде кез келген пікіріне әр кіреді. Қысқасы, ойы жүйелі, сөзі иелі тұлға.

Тілге жатық саясаткерлердің бірі — Жеңіс Қасымбек. Елдегі ең көп салалы министрліктің тізгінін ұстаған Жеңіс Махмұдұлы кез келген мәселені қазақтың жалпақ тілімен тігісін жатқызып жеткізеді. Сабырлы, салмақты ойын туған тілінде саналы түрде жеткізе алатын қарымы бар.

Қазақ қоғамы Бауыржан Байбекті де қазақылығы басым тұлға ретінде таниды. От ауыз, орақ тілді болмаса да, өзіне тән сөйлеу мәнері бар. Алқалы жиындарда Алматы қаласы әкімінің табан астынан сөз табатын тапқырлығы да бар. Бұл оның ана тілді арда емген азаматтығын көрсетсе керек.

Кіл «сен тұр мен атайын» дейтін ділмәрлардың арасында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановты атап кетпеске болмайды. Басқа тілдің бәрін білетін шенеуніктің туған тілге деген құрметі ерекше. Халықаралық тақырыптың майын тамызып жеткізетін майталман саясаткер ана тіліне жетік, жүйрік сөйлейді.

Қазақ тілінің қаймағын лайламай сөйлейтін шенеуніктің бірі — Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов. Ол әуезді тілімізде әуелете сөйлеп, ағытыла жөнелгенде қазақ тілінің қадірін білетін қаймана жұртты ұйытып тастайды. Ол ақпарат құралдарында жиі шықпаса да, бұқарамен біте байланысып жүретінін жұрт жақсы біледі.

Ал, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты білетін жұрт оның қазақ тіліне жетік екенін әлдеқашан мойындаған. Ұлт тілінің рухын сезініп сөйлейтінін сұхбат алатын ақпарат құралдарының өкілдері біледі. Өзі тізгіндеген саланың қыр-сырын туған тілінде еркін жеткізіп, саралы ой айта алатын азамат рейтингтің алғашқы ондығын түйіндеп тұр.

News, Рейтинг

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *