Назарбаевтан ескерту алған Үкімет мүшелері

Бүгін Астанада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Министрлер кабинетінің өткен жылғы жұмысына оң баға беріп, көңілі толатынын айтқанмен, кейбір Үкімет мүшелеріне ескерту жасап, сәтсіз әрекеттерін ашық сынады.

Сынды Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың өзінен бастады.

Барлық мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын, атқарылған жұмыстарды рет-ретімен тізбектеп, тіпті биылғы жолдауда айтылған тапсырмаларды орындау үшін әрбір министрліктерге тиісті тапсырма бергенін, индикаторлар қойылып, жылдың соңында нәтижесін сұрайтынын айтып, рәуішті баяндама жасап болған Премьер-министрге  «Жақсы баяндадың, бірақ өзіңе деген сыни көзқарас жоқ» ескертпе жасады.

Вице-премьер Асқар Жұмағалиевтің цифровизация бойынша жасап жатқан баяндамасын ортадан үзіп, ескерту жасады.

«Егер сен цифровизацияны дәл осылай түсіндіретін болсаң, мұны қойшы түгіл көзі ашық адамның өзі де түсінбейді. Сен мұны жалпақ тілмен ұғынықты етіп түсіндіруің керек» деді Елбасы.

Одан кейін сын садағын ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа бағыттады.

«Біз үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырттық. Жанар-жағармай тапшылығы таяу 3-4 жылда жабылады. Қанат Бозымбаев, солай ғой? Одан кейін қайтадан импорттайтын боламыз. Тез арада төртінші зауыт салу қажеттігін айтқан кезде, сіздер оның қажет еместігін, бізде жанар-жағармай жеткілікті болып, қайда жіберерімізді білмей қалатынымызды айтып, дәлелдедіңіздер. Яғни, біз  проблема қуып жеткен кезде жұмыс істей бастаймыз. Сондықтан қазіргі уақытта бұл іспен айналысып жатқанын білемін және Қарашығанақтағы инвесторлармен әңгіме болды. Мұнай өңдеу  зауыты бойынша шешім қабылдауды жеделдету қажет», — деді Қазақстан Президенті.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа екінші ескертуін жасады.

«Тексерушілер санын қысқартуды ескере отырып, қадағалау-тексеру қызметтеріне ауқымды ревизия жүргізуді тапсырған болатынмын. Салық органдарын оңтайландырып, қызметкерлер санын қысқартуы керек еді. Нақтырақ айтқанда, ведомство (Қаржы министрлігі — авт.) 600 адам туралы айтты. Енді сіздер қысқартудың орнына, оларды басқа бағыттарға ауыстыратындарыңды айтып жатсыздар. Бұл қаншалықты өзін ақтайды», — деп сұрады Президент Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтан.

Министрдің сөзіне қарағанда, ведомство тарапынан тексерулерді 37,5 пайызға қысқарту жоспарланған. Дегенмен, бұл жоспар артығымен орындалып, салықтық әрі кедендік тексерулер 45 пайызға азайды.

«Жалпы бұл тексерушілер басқа бағытқа ауыстырылды. Себебі қазіргі кезде Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында ауқымды жұмыстар басталды. Бұл жердегі кейбір бекеттер бойынша тәулік бойы бақылауға көштік. Сондықтан адамдардың бір бөлігін осында көшірдік. Бұдан бөлек, тексерушілердің негізгі бөлігін экспорттық бақылау бойынша мақсаттарды шешуге ауыстырудамыз. Бұл міндетті институционалды түрде бекітіп, жақын арада қайта құрылымдауымыз керек. Тексерушілер санын 600 мың адамға азайтып, оларды аталған бағыттарға ауыстырамыз», — деді Бақыт Сұлтанов.

Алайда Мемлекет басшысы министрге кезекті ескертуін жасады.

«Мен саған (Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов — авт.) екінші ескертуімді жасаймын. Үшіншісі соңғы болуы мүмкін. Жұмысыңды атқар. Барлығын тәртіпке келтіру керек, барша Үкімет осымен айналысуы тиіс», — деді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға қойған сұрағын сын деп қабылдап жатқандар бар.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді кейінгі қалдыруға тура келді. Басты себеп өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты осыған жұмылдыру проблемасы болды. Олар салық төлемейді, қысқасы олар көлеңкеде қалып жүр», — деді Президент.

«Мен кем дегенде бес жыл уақыт бойы осы жайлы бірнеше рет айттым. Нақты тапсырмалар бердім. Алайда онымен ешкім айналысқан жоқ. Министр Дүйсеноваға бірнеше рет. Не болды, Тамара, әлде сен мына жұмыста шаршадың ба?», — деді Назарбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне.

Министр Тамара Дүйсенова өз кезегінде ведомствоның көп жұмыс атқарғанын айтып өтті.

«Нұрсұлтан Әбішұлы, біз көп жұмыс атқардық. Бүгінде сіздің тапсырмаңызбен барлық 18 миллион адамның статусын анықтадық. 2,7 миллион өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 1,5 миллионы қалды. Оларға қатысты мәліметтер өңірлердің әкімдеріне берілді», — деді Дүйсенова.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің кемшілігін айтты.

Жолдардың сапасын қадағалап, жұмысты ескірген қағида бойынша емес, жаңаша бастау керегін айтты. Өйткені, жол құрылысы бойынша норматив жаңаруды қажет етеді. Сондай-ақ, жемқорлық бойынша «Қазақавтодор» РМК-ның бірнеше басшысы ұсталғанын айтып, бұл министрдің бөлінген қаржы мен атқарылып жатқан жұмысты қадағаламауынан және бұл ведомство басшысының кемшілігі деп түсіндірді.

News

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *