Мемхатшы Түркиядағы қазақстандық студенттермен кездесті

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Түркия Республикасына жұмыс сапары барысында қазақ диаспорасы және қазақстандық студенттер қоғамдастығы өкілдерімен кездесті. Түркиядағы қазақ диаспорасы өткен ғасырдың елуінші жылдары қалыптаса бастады. Бүгінде оған 10 мыңға жуық адам мүше. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Кездесу Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауының басты ережелерін талқылауға арналды.

Мемлекеттік хатшы бүгінде Қазақстан Республикасының табысты әрі заманауи мемлекетке айналғанын атап өтті. Бұл — Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың әл-ауқатын жан-жақты арттыруға бағытталған стратегиялық бағдарын іске асыру нәтижесінде мүмкін болған жетістік. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі — 4 пайызды, инфляция деңгейі — 7,1 пайызды, жұмыссыздық деңгейі — 5 пайызды құрады.

Гүлшара Әбдіқалықова былтырдан бері экономиканың жаңа моделін қалыптастыруға, саяси реформа жүргізуге және қоғамдық сананы жаңартуға бағытталған елдің Үшінші жаңғыруы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Жаңғыру үдерістерінің өзегі «Рухани жаңғыру» жобасы болып саналады.

Г.Әбдіқалықова жолдауда Мемлекет басшысының Индустрия — 4.0 элементтерін енгізуге баса мән бергеніне назар аударды. Сондықтан бірінші басымдық жаңа технологиялық құрылымға қол жеткізуге негізделген экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған.

Жолдауда жаңғырудың негізі ретінде адам капиталының маңызы ерекше атап өтілген. Бүкіл халқымызды қамтитын өзіміздің білім беру жүйесін қалыптастыруды жеделдету міндеті қойылды. Бұл ретте әрдайым өзгерістерге бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту негізгі басымдыққа айналмақ.

Қазақстан қоғамының идеалы айқындалды, ол — өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық.

Мемлекеттік хатшы жолдауда қойылған басты міндетті атап өтті. Ол: «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек».

Соңында Гүлшара Әбдіқалықова кездесуге қатысушыларды тарихи отанымен байланысты нығайта беруге, өздерінің пайдалы еңбегі мен үздік білімі арқылы Қазақстанның дамуына, жаһандық қоғамдастықтың маңызды әрі жауапты мүшесі ретіндегі еліміздің халықаралық беделін арттыра түсуге өз үлестерін қосуға шақырды.

Foreign kazakh, News

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *