Бекжан СӘРСЕНБАЙ: Қазақстан Сингапурды емес, Норвегияны үлгі тұтуы керек

Салыстыра  қарау өнбейтін тірлік. Керағар жайттар мен қолайсыз деректерді талдап қарауға желкеден тартқан жалқаулық жайына қалдырып, ең соңында қызыл алма мен сары апельсинді салыстырғандай екіұдай сезімде қаламыз. Дегенмен біз салыстыра қарағанды жақсы көреміз. Қазақстан  көп жағдайда шығысқа, әсіресе ондағы  «Азия жолбарыстарына» қарағыштай берді. Бізге бәрінен де Сингапур туралы толғамды ой айтқан  ұнайды. Неге бұл ел туралы айтпасқа, оны неге ұнатпасқа? Тұрақты, өсіп-өркендеген ел бизнеске қолайлы мемлекет ретінде танылып, түрлі рейтингтердің көш басынан үнемі түспей келеді. Әлбетте, сараптама орталықтары мен экономика департаменттерінің бизнестің дамуына жағдай  жасалса, елдің де әлеуеті көркейіп кетеді деп бағалауы  таптауырынды соқпақ. Десек те, Сингапур бізбен салыстыруға келмейтін ел.  Біріншіден, Сингапур сонау отар кезінен әлемдік сауда жүйесіне қосылған халықаралық порты бар ел. Екіншіден, Сингапур Қазақстан сияқты тұрғындары кең-байтақ жерінде тарыдай шашылып жатқан ел емес, бар болғаны Оңтүстік Азиядағы портты қала. Сондай-ақ, ең маңыздысы, авторитарлық басқаруына қарамастан, «өркендеп, өсіп, дамыды» делінетін Сингапурдың постсоветтік Қазақстанда болып көрмеген азаматтық қоғамның ұзақ тарихы, өткен жолы бар.

Шындығына келгенде, бизнеске барынша қолайлы жағдай жасауға басымдық беру стратегиясы жұрт назарын басқаға бұрып, алдаудың амалы ғана. Бірсыдырғы, іш пыстыратын коммунизмге балама ретінде ұсынылған бастапқыдағы даму стратегиясы соңғы уақыттары дамусыз дамуға ұласып барады. Бұл модельде ішкі жалпы өнім мен іскерлік белсенділіктің индексі өсіп, денсаулық сақтау мен білім жүйесі құлдырайтыны анық көрінеді.  Индонезия мен Египетке дейінгі бірнеше мемлекетте тұрақтылықты тұрақсыздыққа жеткізген дәл осындай «дамусыз даму» моделінен біз айналып қашуға тиістіміз.

Әрине, Қазақстанда заманауи капитализмнің қас жауы – мемлекеттік социализмнің қарадүрсін тарихы бар. Дегенмен тәуелсіздік алғалы өткен ширек ғасырда (26 жыл)  ескі көзқарастан арылып, әлемге ақ пен қара деп қарауды доғарып, капитализмнің де бұрыс тұстары бар екенін, сондай-ақ  мемлекеттегі жалпыға жасалатын жақсылықтың дұрыс жақтарының барын түсінетін кез жетті ғой.  Осыны түсіне отырып біз советтік мәдениеттен бас тартамыз, сондай-ақ советтік экономикадан да бас тартатын уақыт жетті.

Егер бізге даму мен өркендеу моделінің соқпағына түсіп, еліктейтін мемлекет қажет болса, онда көп ойланбастан Норвегияны ұсынар едім.   ХХ ғасыр бойы кедейшіліктен көз ашпаған, 1970 жылдары мұнай дүмпуін (бір жерден естіген сөзіңіз бе?) өткерген, өмір сүру деңгейі әлемдегі өте жоғары елдің біріне айналып, Ұлттық қорына (The Government Pension Fund Global ) 1 триллион долларды асыра жинаған мемлекет. Сөздің реті кеп тұрғанда айта кетелік, көптеген рейтинг агенттіктерінің есебі бойынша, Норвегия – әлемдегі ең бақытты да бай-қуатты ел. Олар мұндай таңғажайып нәтижеге қалай қол жеткізді? Біз қалай жетеміз?

Ұлттық қор және шикізат қарғысы 

Қазақстан сияқты Норвегия да мұнай мен газға бай. Алайда осы бай ресурсты тиімді жарату мен «шикізат қарғысынан» аман қалудың жолында екі мемлекеттегі айырмашылық жер мен көктей.

1969 жылы америкалық мұнай алпауыты Philips Petroleum  ұзақ жылдардан кейінгі барлаудан соң ірі мұнай кенін тапты. Осы кеннен түскен табыс Норвегияның шала-жансар экономикасын Еуропадағы ең ірі мұнай өндірушіге айналдырды. Жоғарғы салықтың арқасында табыс артып, оның көп бөлігі елде қалып, білім, инфраструктура және технологияның дамуына жұмсалды. Сондай-ақ мұнай өндірудің көлеміне шектеу қойылды (біздің елде болмаған «жомарттық»). Бұл мұнай ақшасын салық төлеушілердің жаратып тастауынан сақтады. 1990 жылы ел үкіметі мұнайдан түскен табысты жинайтын ұлттық әл-ауқат қорын құрды. Бүгінде Норвегия құны 350 миллиард норвег кронына тең мұнайды экспорттайды, бұл –  Норвегияның жалпы экспортының шамамен 36 пайызы (Қазақстанның жалпы экспортындағы мұнайдың үлесі – 56 пайыз). Осы ақшаның бәрі ұлттық қорға түседі. Қор осы ақшаны шетелдерге инвестиция салып, одан әрі көбейтеді.  Таңғаларлығы, инвестициядан түскен табыстың 96 пайызы қайтадан қорға құйылады. Тек 4 пайыз қаржы ғана мемлекеттің түрлі бағдарламаларына жұмсалады. Жемқорлық пен сыбайластыққа жол бермес үшін қордағы капиталдың 100 пайызы шетелдік компанияларға инвестицияға салынады. Осылайша ұлттық қордағы қаржы ел ішіндегі тозығы жеткен индустрияға шашылмайды. Бұл өте маңызды талап. Әрине, дағдарыс Норвегияны қыспаққа алса, одан шығу үшін қордағы қаржы көмекке келеді, алайда дәл қазір ел қорындағы қаржы болашаққа инвестиция ретінде жұмыс істеп тұр.

Аз-маз тарихқа қарасақ…

Норвегияның мұнай табысын қалай тиімді пайдаланғаны туралы тоқтамай айта беруге болады, бірақ бізге Скандинавия елі «қара алтынның» табысынсыз-ақ түйткілді мәселелерді шеше алатын экономикаға қалай қол жеткізгеніне назар аудару қажет.

Бәлкім, Скандинавияның қазіргі тарихындағы маңызды экономистер қатарынан Рудольф Мейднер мен Госта Рен ойып тұрып орын алар. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Швеция да Еуропа сияқты жіктелген қоғам, жүйкеге түскен жарақат, өршіген еңбек радикализмін және зиялы қауымның жеккөрінішті болуын  бастан өткерді. Сондай-ақ екі жарылған әлем, АҚШ пен СССР-дің ықпалымен күресуге тура келді. Социалистік ұстанымдағы екі экономист 1951 жылы ұсынған жүйе Вашингтон мен Мәскеудің бағыттарымен үйлеспеді. Бұл жүйе үш негізге қаланды.

  • Жұмысшылар жұмыс берушімен тәуелсіз кәсіподақ арқылы келіссөз жүргізе алады.
  • Төменгі инфляция басымдықта болуы шарт.
  • Тең жұмыс бірдей төленуі тиіс, алайда бір реттік сыйақы түрлі жұмысқа қатысты төленуі шарт.

Бұл модель кәсіподақтарға жұмысшы құқығын қорғау мен инфляцияны өсірмей, айлықты көбейтуге тиімді болды. Жұмысы жүрмеген фирма мен компаниялар жұмысшы айлығын қысқартпастан, қиындықтан шығар басқа жол іздеуге міндетті. Яғни осының арқасында бизнесте жұмысшы айлығын қысқарту есебінен тауар мен қызмет бағасын төмендету жарысы болған жоқ.  Егер компания шығынға ұшыраса, қызметкерлер жұмыс берушімен қатар, жауапкершілікті бөлісті: жұмыс беруші қызметкер санын қысқартты, соңғысы жаңа жұмыс табуға мәжбүр болды. Астын сызып тұрып айтатын бір мәселе, бұл жүйеде денсаулық сақтау, білім беру жүйесі, баспанамен қамтамасыз ету тегін болғандықтан, тұрғындар әлеуметтік тоқырауға түскен жоқ.

Бұл капитализм мен социализм ортасындағы нағыз компромисс еді: нарықты күшті тәуелсіз кәсіподақтар (совет кәсіподақтары үкіметтің тапсырмасын орындаушы ғана ғой) қызмет етті. Жұмыс берушілерге тиімділігі – олар айлықты қысқарта алмаса да, кәсіподақтар оларға ақылға қонымды талаптар ғана қойды. Және социалистік басқа да модельдерден айырмашылығы – жұмысшылар дәстүрлі капиталистік құрылымындағыдай кәсіпорынның пайдасын бөліске салуға ұсыныс жасай алмайтын болды.

Бұл модельге 1970 жылғы реформада біраз өзгерістер енгенімен, негізгі сүйегі бастапқы қалпын сақтап қалды. Маңыздысы, Норвегия мен Данияныкіне  ұқсас экономикалық бағытқа түскен Швеция да аймақтағы өмір сүру деңгейі ең жоғары елдің біріне айналды. Осылайша социализм мен капитализмнің арасынан салынған  орта жол Скандинавия экономикасының құпиясына айналды.

Олар бұған қалай жетті? Скандинавия елдері социализмнің соңғы тірегі деп саналады. Тіпті олар өздерін социалиспіз деп те атайды, атауы сәтсіз болса да, социалистік партиялар бар. Иә, мемлекет жалпыға қолжетімді қызметтерді қамтамасыз етіп, тұрғындарына керемет жеңілдіктер тарту  етеді, алайда аймақта бұл үрдіс «капиталистік демократия» деп аталады. Бұл – советтік модельге қарсы, жемқорлық пен рейдерлікке жол бергізбейтін тәуелсіз органдар қадағалайтын  ашық нарықтағы экономика жүйесі.   Үкімет жұмысшы мүддесі мен жұмыс беруші капиталын сақтауға көмектесу үшін бизнес пен кәсіподақтың ортасында делдалдық қызметті  де атқарады. Скандинавия елдері әлемдік экономикаға да белсене араласады, мәселен, 2015 жылғы Дания экспорты жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 53 пайызын (Қазақстандыкі 32 пайыз) құрады. Айталық, Норвегия мен Оңтүстік Кореяның айырмашылығынан байқайтынымыз, демократияның рухы тек қана сөз бостандығы мен жиын еркіндігімен ғана шектелмей (бұл тараптан келгенде Оңтүстік Кореяға қарағанда Норвегия әлдеқайда дамыған), адамның жұмыс орнындағы еркіндік мәселесіне де кіріскен. Мәселен, сіздің басшыңыз сізден соншалықты асып бай болмағандықтан, психологиялық тұрғыдан өзіңізді ол кісімен теңдей дәрежеде сезінесіз. Бизнестің тағдыры жасырын келіссөздерге емес,  сіз бен сіздің қызметтік міндетіңізге байланысты екенін білгендіктен барынша екпінді жұмыс істейсіз, өйткені бұл жарқын болашағыңыздың кепілі.  Мұндай жүйе жұмыс берушіге бизнесті таза жүргізуге және жұмысшының жалақысын лайықты бағалауға жол ашады.

Норвегия экономика мектебінің сарапшысы Александр Каппеленнің түсіндіруінше, тұрғындардың ұлттық қордағы қаржыны талап етіп, оны дереу қымбат сағаттар мен алтын мерседестерге жұмсауға талпынбауының себебі – норвегиялықтар үкіметке толық сенеді. Тұрғындардың басым бөлігі үкімет ұлттық қордағы ұлттың қаржысын бостан-босқа жұмсамайтынына немесе оны отбасы мүшелеріне таратып бермейтініне сенімді. Бұл норвегиялықтардың менталитетіндегі соншалықты бір ерекшелік те емес, кез келген үкімет өз билігін тұрғындарға білдірместен күшейткісі келіп тұрады ғой. Дегенмен азаматтық қоғамы белсенді Норвегия жүйесі үкіметтің шектен тыс күшеймеуіне саяси, мәдени және экономикалық жағынан шектеу қойып отырады.  Бұл мәселе кеңінен талқылауды талап етеді және біз оған келесі жолы арнайы соғамыз.

Ал әзірге Норвегияның қызықтыратын және бір ерекшелігін айтып өтсек, егер мемлекеттік саясаттағы өзгеріс бәріне тікелей қатысты болып, үкімет шешімін тоқтатуға көптеген шаралар іске қосылса (петиция, шеру, наразылық), үкімет сіздің демократиялық құқыңыз бен әл-ауқатыңызға мейлінше әсер етпеуге талпынады. Егер олигархтың маскүнем ұлы сізді көшеде қағып кетсе немесе қандай да бір министр сіздің табысты бизнесіңіз жекеменшікте болмауы шарт деп шешім шығарса, сіздің жұмысқа тұруыңызды, әділдікке жетуіңізді артында миллиондаған адам тұрған тәуелсіз кәсіподақ қорғайды. Осылайша социализмдегі ынтымақтастық капитализмнің жұмағын тұрғындарға сездіріп жатыр. Қазақстан осындай күнге жету үшін алдымен экономиканы демократияландырып, орта деңгейдегі менеджерлерге билік беріліп, жұмысшыларға кәсіподақ құруына жағдай жасалуы тиіс. Үкімет осы үрдістің ортасында делдалдық қызмет деңгейінде ғана жүруі қажет. Рейдерлік пен  монополияға аса мән беріп, оларды бәсекеге қабілетті бизнеске бөлшектеу керек. Бұл жұмыстың бәрі алыстағы бұлдыр сағымдай және іске аспайтындай көрінер, алайда қазіргі модельдегі даму мен өркендеу де сондай – алыстағы бұлдыр сағым, іске аспайтын тірлік екенін ескерейік.

Ерекшелік және түйін                                                   

Мақаламыздың басында айтқанымыздай, түрлі жағдайды салыстыра қарау қиын. Норвегия – теңізге шығар жолы бар Солтүстік Еуропадағы мемлекет. Бірақ оның деңгейі Сингапурдыкіндей қол жеткізбес деңгей емес. Басты сұрақ мынада: бізге не қажет? Біз бизнеске барынша  қолайлы  ел жасаймыз ба, әлде адам өміріне қолайлы мемлекет құрамыз ба? Біз бірнеше отбасының банктегі есепшоттарын ғана толтыратын капиталдың соңынан жүгіре бермей, қарапайым адамдардың өмір сүру деңгейін арттыратын демократиялық экономикаға талпынуымыз қажет. Біз бизнес пен инвесторды шақыруымыз керек, шақыра да аламыз. Бірақ ол не үшін қажет екенін ұмытпайық. Әйтпесе мемлекетіміздің үлкен компаниядан еш айырмашылығы  жоқ, сосын, көңіліңізге келсе де айтайын, сіз бұл компанияның акционері емессіз.

(Мақаланың авторы — Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының ұлы Бекжан Сәрсенбай. Мақаланың түпнұсқадағы атауы «Неге Норвегия емес?»)

Экономика

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *