Дала көкжалы. Назарбаев неліктен Тоқаевты таңдады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 9 маусымда өтетін сайлауда республика Президенті лауазымына қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Сарапшылардың болжамына қарағанда, көп жылдан бері Сенат спикері қызметін атқарып келе жатқан әйгілі қазақстандық дипломаттың кандидатурасы сайлаушылардың көпшілігінің көңілінен шығады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ел үмітін ақтаған президенті бола ала ма?

Сайлау алдындағы шытырман  

2019 жылғы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеуінде мемлекет басшысы лауазымынан кететінін жариялады. «Құрметті қазақстандықтар, отандастар! Ардақты ағайын! Қадірлі әріптестерім, «Nur Otan» партиясының мүшелері! Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ, бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым», — деді ол. Елбасының президент лауазымынан кетуі күтпеген жаңалық болды.

Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Президенті болды, ал іс жүзінде республиканы 1989 жылдың маусымынан бері басқарып келді. 1984 жылдың жазында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болғанын ескерсек, Назарбаев билік басында 35 жыл отырды деуге болады. Посткеңестік кеңістікте бірде-бір басшы осыншалық ұзақ уақыт ел басқарып көрген емес. Қазақстанның Тұңғыш Президенті жайлы сөз өрбіткенде, осынау ұзақ жылдар бойы оның беделі ұдайы өсіп отырғанын айту керек.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда өкілеттігін тоқтататыны туралы алғашқы әңгімелер 4 ақпанда пайда бола бастады. Мемлекет басшысы Қазақстанның Конституциялық Кеңесінен президенттің лауазымын мерзімінен бұрын тоқтату туралы ережені түсіндіруді сұраған еді. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев сайлау мәселесі бұрыннан жұртты алаңдататынын айтып, ешқандай мерзімінен бұрын сайлау өткізу жоспарда жоқ екенін жеткізген болатын. Президенттен қашан отставкаға кетуі мүмкін екенін сұрағандар да болды, өйткені Қазақстан Конституциясында бұл айқындалмаған. Мұндай нормалар әлем елдері конституцияларының бәрінде бар. Елбасы бұл туралы былай түсіндірді: «Мен саналы шешім жасадым. Ондай шешімдер бір күнде қабылданбайды. Бір ай да аз бұған. Мен осы шешімге бірнеше жыл дайындалдым. Құпиясын ашайын, үш жылдан астам уақыт осыған дайындалдым».

Билік транзитін аса сақтықпен іске асыру қажет екені түсінікті. Назарбаевтың айтуынша, осы уақыт барысында ол болашақты ойлап, өзінің орнына келетін жаңа кадрлар тәрбиелеуге әрекет еткен. «Мен шешім қабылдадым — бұл дұрыс шешім. Тоқаевты президент етіп сайлап, оған қолдау көрсетейік», — деді Назарбаев. Қазақстандағы саяси жағдайға келер болсақ, Мемлекет басшысы болуға үміткер адам халықтың сенімінен де,  элиталар консенсусының нәтижесінен де шығуы тиіс. Бұған сай келетіндер  аса көп болған да жоқ.

«Элита міндетті түрде өзінің монолитті екенін көрсетуі тиіс еді. Әрі сол ұйымшылдықты көрсетті де», — дейді Алматы қаласының Қоғамдық кеңес мүшесі, саясаттанушы Марат Шибұтов «Лента.руға» берген сұхбатында.

Соңғы сәтке дейін көпшілік арасында Тұңғыш Президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның сайлауға түсуі мүмкін деген жорамалдар айтылып келген болатын. Ол әкесі отставкаға кеткеннен кейін Парламенттің жоғары палатасы — Сенаттың Төрағасы болды және өзінің сайлауға қатыспайтынын мәлімдеді.

«Эксперт Казахстан» журналының бас редакторы Сергей Домниннің айтуынша, бұнда аздап интрига болғанмен, кандидат о бастан жалғыз Тоқаев болды деген пікірді алға тартады. Өйткені, оған команда жасақтауға мүмкіндік берілді. «Бізде: «екі қарбызды көтеріп жүруге болмайды» деген сөз бар. Егер Елбасы лауазымды Тоқаевқа сеніп тапсыруды ойлаған болса, демек оны аз уақытқа ғана техникалық кандидат ретінде қарастырмағаны анық. Меніңше, 2024 жылға дейін Қазақстандағы жоғары биліктің ауысуы туралы тақырып жабық күйінде тұрады», — дейді Марат Шибұтов.

Сыртқы сын-тегеуріндер және көпвекторлы саясат

Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы — нақты, сындарлы саясаттың нәтижесі. Бұл саясаттанушылардың пікірі. Ішкі жағдайға қарамастан, Назарбаев, ең алдымен, көпвекторлы сыртқы саяси курсты табысты жалғастыра алатын адамды іздеді. Елдің әл-ауқаты да осы курсты ұстануға байланысты. Еуразияның қақ ортасындағы елдің аумағы, тіпті әлемдік өлшеммен алғанда да, ұлан-ғайыр, бірақ халқы аз, Қазақстанның қос қапталында орналасқан Ресей мен Қытай секілді алпауыт елдер, оңтүстігіндегі жағалай орналасқан шиеленісі көп Орталық Азия Қазақстанды қалай да бейбіт жолды іздеуге итермелейді. «Біз шиеленістердің болуына мүлде жол бере алмаймыз», — дейді Марат Шибұтов.

Қасым-Жомарт Тоқаев — аса тәжірибелі дипломат. Ол Премьер-Министр ретінде Қазақстанның сыртқы саясатымен де айналысып, негізінен экономикалық бағытта жұмыс істеді. Екі мәрте сыртқы істер министрі лауазымын атқарды — 28 жастағы Тәуелсіз елдің сыртқы саясатының 10 жылын басқарды. Тоқаевтың дипломатиялық атақтарын санауға көп уақыт кетеді, сонда да мына бір халықаралық лауазымға назар аударған жөн.

2011 жылы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Тоқаевты өзінің орынбасары және БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры етіп тағайындады. Бұдан тыс, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ жүйесіндегі аса маңызды ұйым — Қарусыздану конференциясының бас хатшысы болды. Яғни, болашақ президент халықаралық саяси элитаға жақсы таныс. Дәл осы мәртебелі лауазымда ол 2012 жылы Сирия мәселесі жөніндегі «Женева-1» алғашқы халықаралық конференциясын ұйымдастырумен айналысты, кейіннен бітімгерлік қызметін Астана процесінде жалғастырды. Ал Астана процесі Сирия дағдарысын реттеудің ең сәтті әрі табысты халықаралық форматтардың бірі болды.

«Ресейдің де, Қытайдың да АҚШ-пен арақатынасының нашарлағаны Қазақстан үшін көпвекторлық саясатты сақтау мәселесін өзекті ете түседі, — дейді Марат Шибұтов. — Назарбаевтың Вашингтонға барған сапарында Дональд Трамп аталған елдерге салынған санкция Қазақстанға мүлде қатысы жоқ екенін айтып, президентті сендірген. Дегенмен бұл күнде, үздіксіз бақылап отыруды талап ететін мәселе. Тоқаевтан басқа біреудің осы мәселені  шеше алатыны күмәнді. Оның үстіне Еуроодақ та бар, ол да — мейлінше қиын серіктес».

Алайда президент ретіндегі алғашқы сапарын Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан мен Ресейге жасады. Аталған елдермен жақсы қарым-қатынас болмаса, Қазақстан тұрақты дами алмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Путинмен де, Шавкат Мирзиеевпен де жақсы таныс. Кешегі сапарлар да мұны дәлелдеді: Қазақстанның осы екі көршісімен қарым-қатынастары дами бермек. «Әртүрлі мемлекеттік лауазымдарда жұмыс істей жүріп, Тоқаев мырза ресейлік әріптестерімен тығыз байланыстар орнатты, — деді РФ президенті Владимир Путин. — Оның Қазақстан президенті лауазымында елдеріміз арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен одақтастық қатынастарын одан әрі дамытуға тұрақты назар аударып отыратынына бізде күмән жоқ».

«Сіздің Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі алғашқы мемлекеттік сапарыңыз Өзбекстанға жасалғанын жоғары бағалаймыз. Біз бұдан елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға деген ынта-жігерді көріп отырмыз. Біз үшін Қазақстан — жақын көрші әрі стратегиялық әріптес. Ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша оң динамика бізді қуантады», — деді өзбек лидері Шавкат Мирзиеев.

Ішкі саясаттағы үш мақсат

Ішкі саясатта Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретіндегі үш мақсатын айқын белгілеп алды: «Сабақтастықты сақтау, әділеттілікті қолдау және ілгерілеуді қамтамасыз ету — ең басты міндетіміз», — деп жазды Twitter парақшасында президент. «Nur Otan» партиясының съезінде: «Мен сайлауға Тұңғыш Президенттің елімізді жан-жақты дамытуға бағытталған стратегиялық курсын жалғастыру үшін барамын. Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етуді өзімнің міндетім деп білемін», — деп мәлімдеді.

«Алға ұмтылу және сабақтастықты сақтау дегенді жақсы түсінеміз — Қазақстан қоғамында бұл мәселеде жүз пайыздық консенсусқа қол жеткізілді. Ал әділдік мәселесі — елдің ішкі саясатындағы өте маңызды тақырып, — дейді Марат Шибұтов. Тоқаев халықпен байланыс орнатуды міндеттеумен қатар, онымен байланысты қиындықтарды да реттеді. Ол қоғаммен кері байланыстың болуын қамтамасыз етті. Президенттің Twitter, Instagram парақшалары, Мемлекет басшысының сайтындағы виртуалды қабылдау жұмыс істей бастады. Сонымен қатар Тоқаев өңірлердің басшыларын да осыған міндеттеді».

Бірақ мәселе тек істің техникалық жағында емес — Тоқаевтың осы бастамалары ішкі мазмұнмен толықты. Президент Көкжайлау тау-шаңғы курортын салу жөніндегі мәселеге бірден көңіл аударып, жобаны тоқтатты әрі жұртшылық пен мүдделі тараптарды диалогқа шақырды. «Бұл, сырттай қарағанда Алматының жергілікті экологиялық проблемасы. Бірақ Тоқаев мұнымен адамдарды тыңдауға дайын екенін көрсетті. Бір сөзбен айтқанда — дипломат», — дейді Марат Шибұтов.

«Тоқаевтың басы дауға қалып көрген емес. Яғни, мүлде дауға қалған емес, — дейді Шибұтов. — Бұл қазақстандықтар үшін аса маңызды». Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының съезінде: «Мен саналы шешім қабылдадым. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл қазақстандықтар үшін тең құқық пен достық саясатын ұстанатын адам деп сеніммен айтамын», — деуі де тегін емес.

Дереккөз: Lenta.ru   Тәржіма: ҚазАқпарат

News, Сұхbattle

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *