Айрықша аталып өтілген — Астана Наурызы

Елордада 14-22 наурыз аралығында «АСТАНА НАУРЫЗЫ» іс-шарасы аясында қалалық байқау жарияланған болатын. Берекелі байқаудың қорытынды кеші 29 наурыз күні Жастар театрында өтті. Мерекелік кеш мюзикл форматындағы театрландырылған қойылымнан бастау алды.

Сахна төрінде ұлттық киім киген қыз-жігіттер ән айтып, Ұлыстың Ұлы күні «Наурыз» мейрамының маңыздылығын, ерекшеліктерін әңгімеледі. Өз өнерлері арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салт-дәстүрлерді паш етті. Әдемі әңгіме өрбіте отырып, Елордада арнайы ұйымдастырылған арнайы акция туралы сюжетті залда отырған көрерменге көрсетті. Айта кетсек, акция барысында ұлттық нақышта киінген насихатшы жастар тобы елорданың негізгі көшелерін, ірі сауда орталықтары мен ойын-сауық кешендерін, сондай-ақ қоғамдық көліктерді аралап, халықты Наурыз мейрамымен құттықтаған болатын. Сондай-ақ, Наурыздың дәстүрлеріне, ұлттық құндылықтарға қатысты сұрақ-жауап ойындарын өткізді. Ойынға белсене қатысқандарды жастар Астана әкімдігінің атынан құттықтап, мерекеге арнайы ұлттық нақышта дайындалған таратпа сыйлықтар табыстады.

Бұл күні сахна төрінде «Аламан» тобы жиылған жұрта ән арнады.

Сонымен қатар, жастар сахнада ән жарысын, әдемі әзіл-қалжыңға ұласқан қыз бен жігіт айтысын ұйымдастырды. Домбыраның құлағында онайтын ержігіттер көрермендерді күбірлеген күйге бөледі.  Жиналған қауымға байқаудың қорытындысы жайлы бейне сюжет көрсетіліп, арнайы іріктелген сарапшы топтың қорытынды есебі жарияланды. Естеріңізге салсақ, арнайы іріктелген сарапшылар тобы бірнеше топқа бөлініп, белгіленген алаңдар мен саябақтарда мекемелердің құрған киіз үйлерін аралады. Аралап қана қоймай, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлаудағы дайындықтарын жіті бақылап, ережеге сәйкес бағалау жүргізді.

Қазылар алқасының қорытындысы бойынша «Астана Наурызы» байқауы барасында елордамызда Наурыз мейрамын белсенді түрде насихаттап, #АстанаНаурызы2019 хештегі бойынша материал жариялаған БАҚ өкілдері және әлеуметтік желі белсенділері арасында «Ең көп қамтылу» аталымы бойынша Мейрам Сапарғали, «Ерекше жарияланым» аталымы бойынша Айкерім Ерлан марапатталды.

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын ерекше қарсы алып, жоғары деңгейде атап өткені үшін Білім басқармасы,  Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастар басқармасы марапатталды.

«Астана Наурызы — 2019» қалалық байқауының «Үздік безендіру» аталымы бойынша Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы марапатталды. «Үздік дастархан» аталымы Халықаралық бағдарламалар орталығына бұйырды. «Үздік бағдарлама» аталымы бойынша Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры жеңіске жетті. «Үздік ұлттық киім» аталымы Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақ орталығына берілді. «Үздік салт-дәстүр» аталымы бойынша Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы марапатталды.

Қазылардың бағалау нәтижесі бойынша Астана Наурызы байқауына айрықша атсалысқан, қазақ үйін ерекше безендірген, ұлттық киімнің ұнамдысын ғана киіп, салт-дәстүрдің сан түрін көрсеткен, мерекелік дастархан жайып, қонақ-жай көңілімен мейманын қарсы алған, ән-жырдан шашу шашып, сахнасын биге көмкерген «ОТАНДАСТАР» ҚОРЫ «Бас жүлде» иегері атанды.

Осылайша Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастамасымен ұйымдастырылған «АСТАНА НАУРЫЗЫ» қалалық байқауы мәресіне жетті. Наурыз — Ұлыстың ұлы мейрамын ұлықтай берейік.

News

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *