Бірінші май ауылының тұрғындары «ОТА Ltd» ЖШС-ға қарсы шықты

Бұхар жырау ауданына қарасты Нұра, Ғабиден Мұстафин және Тұзды ауылының бөлімшесі саналатын Бірінші май ауылының тұрғындары «ОТА Ltd» ЖШС-ға қарсы шықты. Себебі аты аталған серіктестік үш ауылдың ортасында орналасқан жайылым жерді құм өндіретін кен орнына айналдырмақшы.

Жекеменшік компания халықпен екі рет кездесіп, мәмілеге келуге тырысты, алайда ауыл тұрғындары жекеменшік компанияның бастамасын құптамайтындарын ашып айтты.

Кен орны ашылса, мал жайылатын жер қалмайды. Ал ауыл тұрғындары төрт түлікпен күн көріп отыр.

Даулы жердің басым бөлігі Тұзды ауылына тиесілі. Ауыл әкімі Сәуле Бекжанова «ОТА Ltd» ЖШС өндіріс орнын ашуға рұқсат беретін құжатты кімнен, қалай алғанынан хабарсыз.

«Мен ауыл әкімі ретінде халықтың жағындамын. Кен орнын ашса, мал жаятын жер қалмайды. Мына жақта теміржол, ар жақта Нұра өзені, одан кейін зират», – деді әкім.

Тұрғындар кен орны ашылып, құм өндіріле бастаса тұщы су тапшылығы туындайтынын алға тартып отыр.

«Бізді мал жаятын жерден ғана емес, ауыз судан да айырмақшы», – деп қынжылды Бірінші май ауылының тұрғыны Қуаныш Мұстафин.

Ауылдағы ағайынның ауыз суға қатысты базынасын тұрғындарды сумен қамтамасыз етіп отырған жекеменшік фирма басшысы да растап отыр.

«Жер асты суының тепе-теңдігі бұзылып, үш ауылдың 10 мың тұрғынына ауыз сусыз қалу қаупі төніп тұр. Жер 10 метрге дейін қазылса, су ұңғымаларына су жетпей қалады.  Жазда өзен деңгейі төмен түсіп, құрғақшылық сезілген кездің өзінде құдықтардағы су деңгейі 50%-ға азаяды. Жерді өндірістік мақсатта қазатын болса, жағдай мүлдем қиындайды», – деп мәлімдеді «Қуат жолы» ЖШС басшысы Анатолий Кузьмич.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, құм өндіретін кен орнын кез келген жерден ашуға болады , алайда «ОТА Ltd» ЖШС дәл осы жерді көздеп отыр. Себебі бұл маңай теміржолға жақын орналасқан.

Кен орнын ашуға оқталып отырған жекеменшік компанияның заңгері Зарина Уалиева өндіріс орнын ашуға «Қазжерқойнауы» департаменті  рұқсат бергенін айтады. Ал «ОТА Ltd» серіктестігінің өкілдерімен тіл табыса алмаған ауыл тұрғындары  облыс әкімі Ерлан Қошановқа хат жазып, мәселені шешіп беруді сұрайын деп отыр.

photo: abctv.kz

News, Өңірлер

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *