Депутат: Студенттерді тамақтандыру үшін күніне 535 теңге өте аз

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Әбдіманап Бектұрғанов кәсіптік-техникалық білім беру саласының кейбір проблемаларын көтерді.

Депутаттардың сауалы ҚР премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаевқа жолданды. Сауалда кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы түйткілді мәселелер қозғалған. Мәжілісмен Бектұрғанов жалақының аздығынан колледждерге тәжірибелі оқытушылар тарту қиынға соғып отырғанын айтты.

«Қазіргі уақыта кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында инженерлік-педагогикалық кадрлар мен өндірістік оқыту шеберлерінің тапшылығы байқалады. Біліктілік санатына қосымша ақы берілмейтіндіктен, жалақы деңгейінің төмендігі тәжірибелі оқытушыларды тартуға мүмкіндік бермей отыр. Оқытушылардың айлығы 68 мың теңге, ал еңбек өтілі 25 жылды құрайтын мұғалімдер 82 мың теңгеге дейін ғана алады. Жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері біліктілік санаты үшін қосымша ақы алатынын білеміз. Алайда жоғары және бірінші біліктілік санаты бар колледж мұғалімдеріне Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылдың 27 қаңтарындағы бұйрығына қарамастан қосымша ақы төленбейді. Білім және ғылым министрлігіне барлық жергілікті атқарушы органның осы бұйрықты орындауын бақылауға алуды ұсынамыз», — деді депутат.

Бектұрғанов, сондай-ақ, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында оқытушылардың беделін көтеру үшін ұстаздардың біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау курстарының деңгейлік бағдарламаларын ұйымдастыруды және енгізуді ұсынды.

«Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесіне сәйкес, деңгейлік курстарға қосымша ақы төлеуді енгізу қажет деп есептейміз. Себебі мектептерде бұл бар, ал колледжерде жоқ», — деді ол.

Бұған қоса, мәжіліс депутаттары кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында бір студентті тамақтандыру үшін күніне бөлінетін ақша сомасын ұлғайту қажет деп есептейді.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында техникалық және кәсіптік білім беруді, қысқа мерзімді кәсіби оқытуды республикалық бюджет есебінен оқыту қарастырылған. Бағдарламаға қатысушылар стипендия, біржолғы ыстық тамақ және жолақымен қамтамасыз етілген. Бір студентті тамақтандыру үшін күніне 535 теңгеге дейін бөлінген қаржының аздығы туралы менің әріптестерім де айтқан болатын. Мен де бұл соманы жеткіліксіз деп есептеймін. Студенттердің толыққанды тамақтануын қамтамасыз ету үшін бұл соманы қайта қарау керек деп ойлаймыз. Қазіргі уақытта тек осы бағдарлама бойынша білім алатын студенттерге ыстық тамақ беріледі. Сондай-ақ баршаға арналған кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасы бойынша оқитын студенттер арасында әлеуметтік аз қамтылғандар ғана ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұған қоса олар әр айда өздерінің мәртебесін растау үшін құжат жинап отыруы керек. Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасының еңбек мамандықтары бойынша оқитын барлық жастарға ыстық тамақ беру үшін «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» ҚР 2012 жылғы 12 наурыздағы қаулысына тиісті өзгертулер енгізу қажет деп есептейміз», — деді Бектұрғанов.

Photo: sputniknews.kz

News, Күн келбеті

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *