«Патриархат» министрліктер немесе бүгінгі Үкіметтегі басшылықта жүрген әйелдердердің үлес салмағы қандай?

Өткен аптада ҚР Үкіметінің қаулысымен үш бірдей вице-министр тағайындалды. Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі болып Нұргүл Мәуберлинова, сондай-ақ, Ұлттық экономика вице-министрлері болып Дана Жүнісова және Мәдина Жүнісбекова тағайындалды. Осы тағайындаулардан кейін Үкімет мүшелерінің дені ерлер ме, әлде әйелдер ме деген сұрақ туындады. Осыған байланысты nur.kz интернет порталы Үкімет басшының орынбасарларынан бастап барлық министрліктегі басшыларды шолып шыққан екен.

ҚР премьер-министрі — Бақытжан Сағынтаев, оның бірінші орынбасары — Асқар Мамин, қалған орынбасарлары — ҚР премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев, Ерболат Досаев және Асқар Жұмағалиев. 

ҚР Сыртқы істер министрі — Қайрат Әбдірахманов, 4 орынбасары және министрліктің бір жауапты хатшысы бар. Барлығы да ерлер. 

ҚР Қорғаныс министрі — Сәкен Жасұзақов, қоластында 5 орынбасары бар, барлығы да ерлерден құралған. 

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі — Бейбіт Атамқұлов, 3 орынбасары және министрліктің бір жауапты хатшысы бар. Барлығы да ерлер. 

ҚР Ішкі істер министрі — Қалмұханбет Қасымов, өздеріңіз күткендей бес бірдей орынбасары да ерлерден құралған. 

Әйелдердің үлесі Әділет министрлігінде теңдей екен. ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевтың үш орынбасары болса, соның екеуі әйелдерден құралады: Наталья Пан мен Эльвира Әзімова. Тағы бір орынбасары мен министрліктің жауапты хатшысы ерлер.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің үш орынбасарының бірі — Бибігүл Асылова, қалған екі орынбасары мен министрліктің жауапты хатшысы ерлер. 

ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың да төрт орынбасарының бірі — Татьяна Савельева, қалған үшеуі және министрліктің жауапты хатшысы ерлер.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің төрт орынбасары да ерлерден құралған. Министрліктің жауапты хатшысы да ер адам. 

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың екі орынбасарының бірі — Лязат Ақтаева. Министрліктің жауапты хатшысы да ер адам.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының үш орынбасарының бірі — Ақтоты Райымқұлова. Қалған екі орынбасары мен министрліктің жауапты хатшысы ерлерден құралған. 

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың да «командасы» тек ерлерден құралған. Бес орынбасары мен министрліктің жауапты хатшысы толықтай ерлерден жасақталған. 

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қоластындағы вицелердің қатары жақында ғана бір «арумен» толықты. Бұрынғы вице-министрі Алан Әжібаевтың орнына Нұргүл Мәуберлинова жайғасты. Қалған бір орынбасары мен министрліктің жауапты хатшысы ерлер.

Жақында ғана екі бірдей жас әрі сұлу орынбасары тағайындалған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың 5 орынбасарының үшеуі ерлер, сондай-ақ, министрліктің жауапты хатшысы да ер адам.

Өмірзақ Шөкеев жетекшілік ететін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің де басшылық қызметінде вице-министр Гүлмира Исаевадан басқа «нәзік жанды» жоқ. Қалған үш орынбасары мен министрліктің жауапты хатшысы ерлерден құралған.

Тағы бір «патриархат» министрлік — ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі. Жақында ғана тағайындалған ведомство басшысы Дархан Қалетаевтың екі орынбасары мен министрліктің жауапты хатшысы тек ерлерден тұрады. 

Нағыз «матриархат» жайлаған ведомство — ҚР Еңбек және халықтыәлеуметтік қорғау министрлігі. Мәдина Әбілқасымованың екі орынбасарының бірі және министрліктің жауапты хатшысы әйелдерден тұрады. 

Өздеріңіз байқағандай, ҚР Үкіметіндегі басшылық қызметте жүрген әйелдердің үлес салмағы ерлермен салыстырғанда анағұрлым аз болып шықты. Жеті министрліктің басшылығы тек «жігіттерден» құралған. Гендерлік қатынас: 75 ерлер қауымы, 11 әйелдер. Қысқасы, ҚР Үкіметінің басшылығындағы ерлердің басымдығы 90%.

 

News, Күн келбеті

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *