Жалған IELTS сертификаты үшін декан жұмыстан кетті

«Астана Медициналық университеті» АҚ ректоры Мәжіт Шайдаров жалған IELTS сертификаттарға қатысты дауға пікір білдірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.

«Құжат қабылдаған адамдар жайлы айтатын болсақ. ЖОО-дан кейінгі білім беру жөніндегі деканмен келісімшартты бірден тоқтаттық. Ал басқа қызметкерлер өз еркімен жұмыстан кетті: деканның орынбасары мен басты мамандардың бірі», — деді Мәжіт Шайдаров.

Сондай-ақ, университет ректоры оқудан шығарылған студенттердің осы оқу орнына қайтадан түсе алатындарын, бірақ ол тек ақылы түрде болатынын айтып өтті.

Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адам ресурстар департаментінің директоры Айгүл Қаптағаеваның айтуынша, бұл жағдай тек университетке емес, еліміздің барлық саласының атына кір тигізіп отыр.

«Меніңше, дипломдарды тексеруге қатысты (осы университетті аяқтаған қазіргі дәрігерлердің дипломдарын — автор.) шарала қолданылмайды. Өкінішке қарай, бұл университетке және жалпы осы салаға үшін материалдық, моральдық тұрғыдан шығын келтіреді. (…) Мемлекет онсыз да қаржылай шығынға батты. Енді осындай жағдайлар қайталанбас үшін шаралар қолданылатын болады. Қазақстан аумағында екі ұйымның ғана осы сертификатты беруге құқылы екенін айта кету керек», — деді Айгүл Қаптағаева.

Мұның алдында оқудан шығарылған студенттер оқиғаның қалай болғанын айтып берген болатын.

Еске сала кетейік, осыған дейін «Астана» университетіне түсу үшін IELTS сертификатын «сатып алған» студенттердің оқудан шығарылғаны хабарланған еді. Білім және ғылым министрлігі жүргізген тексерістердің нәтижесінде базада тіркелмеген 117 сертификаттың бар екені анықталған.

Жалған сертификат сатып алған студенттің бәрі оқудан күзде шығарылуы тиіс болған. Бірақ соттың бұл шешімі уақтылы орындалмаған. Мұндай жағдайда медицина мамандарын даярлайтын оқу ордасы лицензиясынан айырылуы да мүмкін.

Кейін Қазақстанның білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Астана» медициналық университетінде шыққан шуға қатысты пікір білдірген еді.

«Былтыр білім сапасын бақылайтын комитетіміз осы университетті тексерген болатын. Олар осы студенттерді сабақтан босату туралы бұйрық берді. Дегенмен бұл бұйрықтағы кейбір талаптар ғана орындалды. Студенттердің бір бөлігі сотқа шағымданды, өздерінің құқықтарын қорғап жатыр. Бірақ бұйрық қандай жағдай болсын орындалуы тиіс. Университеттің оларды оқудан шығарғаны дұрыс. Енді біз Денсаулық сақтау министрлігімен және университетпен біріге отырып, келісу комиссиясын ұйымдастырып, әрі қарай студенттердің және университет өкілдерінің құқықтарына қатысты мәселелерді қарастыруымыз керек», — деген еді Сағадиев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

News, Күн келбеті

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *