Жемқорлық индексі бойынша Қазақстанның әлемдік рейтингтегі жағдайы жақсарды

Дәлірек айтсақ, Қазақстан биыл 31 ұпай жинап, индексті 2 ұпайға жақсартты. Осылайша  рейтингтегі 131-ші орыннан 122-ші орынға көтерілді. Бұл туралы ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов Астанада өткен баспасөз-мәслихатында мәлімдеді.

«Бұл Қазақстанның Transparency International рейтингіндегі осы уақытқа дейінгі ең үздік нәтижесі. Бұған дейінгі жоғары нәтиже 1999 жылы тіркелген болатын. Онда біздің ел 23 ұпай жинаған еді. Жалпы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтар 13%-ға, яғни тіркелген қылмыстардың саны 2807-ден 2452-ге дейін қысқарды. Қазақстанның рейтингтегі жағдайының жақсаруы елдің инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі», – деді Саян Ахметжанов.

Аппарат басшысының сөзіне сенсек, өзге де рейтингтік агенттіктер Қазақстанның жемқорлық жағдайында оң динамика қалыптасып келе жатқанын анықтаған. Мәселен Қазақстанның «Global Insight» рейтингіндегі жағдайы 1 ұпайға, Бертельсман қорының трансформация индексі 5 ұпайға жақсарған. Әлемдік бәсекеге қабілеттілікті зерттеу орталығы Қазақстанның ғаламдық бәсекеге қабілеттілік рейтингіндегі бағасын бірден 14 ұпайға арттырған. Заң үстемдігі индексі 2 ұпайға ұлғайған.

Аппарат басшысының мәлімдеуінше, сыбайлас жемқорлық белгілері бар салаларға тексеру жүргізілген. Соның нәтижесінде жоспардан тыс салықтық тексерулер саны 62%-ға, яғни 32-ден 12-ге дейін қысқарған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласы бойынша минералды тыңайтқыштарға, асыл тұқымды мал басын дамытуға берілетін субсидияларды үлестіру процесі толықтай автоматтандырылған. Бұдан бөлек  медицина бұйымдары мен дәрі-дәрмектерді сатып алуды электронды форматқа кезең-кезеңімен көшіру бастамасы қолға алынды.

2017 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлықты анықтауға үлес қосқан 226 адам 31 млн теңге көлемінде ынталандырылған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 22%-ға артық. Яғни 2016 жылы мұндай тұлғалардың  саны 185 адам болған. Олар 27 млн теңгеге ынтыландырылған. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сенім телефонына хабарласатын адамдардың саны да артқан.

News, Экономика

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *