Нұрлан Ноғаевқа Астанадан «ревизор» барды

Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасының», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу үшін Атырау облысына келді.


Үкімет басшысы жұмыс сапарын Атырау қаласындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағына барып, онда полиэтилен өндіретін зауытпен және газ турбиналы электр стансасының құрылыс жұмыстарымен танысудан бастады.

Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақ аумағында 15 қатысушы тіркелген. 1 сәуірдегі жағдай бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 339 млрд теңгені, оның ішінде жеке инвестициялар — 269,8 млрд теңгені құрады. 1 300 астам жұмыс орны ашылған.

Бақытжан Сағынтаев Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған Polymer Production зауытын тексеру барысында зауыттың жылына шамамен 15 мың тонна полипропилен жабынын шығаруға мүмкіндік беретін технологиясымен танысты. Өндірісте 371 адам жұмыс істейді. Өткен жылы 2,2 млрд теңгеге өнім сатылды.

«Полимер Продакшн» ЖШС басқарма төрағасы Азамат Жүсіповтың айтуынша, бүгінгі таңда зауыт полиэтилен жабынын, биаксиалды–бағытталған полипропилен жабынын, әртүрлі қаптама түрлерін, сондай-ақ сыйымдылығы 25 және 50 кг болатын полипропиленді қаптар шығарады. Жеңіл және азық-түлік өнеркәсібінде қолданылатын зауыт өнімдері Қазақстанның барлық өңірлеріне және Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға экспортталады. Бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына күшті мультипликативті әсер беріп, импортты алмастыруға ықпал етеді.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан газ турбиналы электр стансасын аралау барысында «Біріккен химиялық компания» ЖШС басқарма төрағасы Жеңіс Өсербай жоба АЭА аумағындағы ірі инвестициялық жобаларды 110 Квт электр қуатымен және жоғары қысымды бумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Жобаны іске асыру мерзімі — 2014–2018 жылдар, оның құны — 111 млрд теңге. Зауыт қуаттылығы — 310 МВт, жұмыс орындарының саны — 120.


Махамбет ауданындағы Жайық өзені арқылы өтетін көпір құрылысымен танысты.

Облыс әкімінің орынбасары Ж. Сүйіншәлиевтің айтуынша, Жайық өзені арқылы өтетін көпір өтпесі республикалық маңыздағы «Атырау — Орал» автокөлік жолын облыстық маңыздағы «Атырау — Индер» автокөлік жолымен байланыстыратын Махамбет ауылында салынып жатыр. Көпір «Ақтөбе — Атырау — Астрахан» автожолының бір бөлігіне айналады: ол Ақтөбеден Астраханға дейінгі жолды қысқартып, транзиттік көлік ағынын Атырауға кіргізбей өткізуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады.

Облыстың Махамбет ауданындағы жаңа көпір қосымша көлік дәлізін құрып, облыс орталығын кептелістерден айтарлықтай арылтады. Жолдың жүретін бөлігі екі жолақтан тұратын болады, көпір бойында көліктің және өңір тұрғындарының тұрақты әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететін жаяу жолдар қарастырылған. Сонымен бірге, жобаланған көпір өтпесі ауданда шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.


Ешкі өсіру және ешкі сүтін өңдеуге мамандандырылған алғашқы қазақстандық жоба — «Сарайшық» ауыл шаруашылығы кәсіпорнында болды.

Махамбет ауданының Сарайшық ауылындағы мал шаруашылығы кешенін тексеру барысында Бақытжан Сағынтаевқа өңірде Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы баяндалды. 2017 жылы облыстың ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 62,7 млрд тг құрады, 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ті құрады.

«Сарайшық» асыл тұқымды мал шаруашылығының үлкен отар қойы, үлкен табын түйесі мен жылқылары және ет өңдеу цехы бар. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кәсіпорнының негізгі бағыты — заанен асыл тұқымды ешкілерін өсіру (еск., — әлемдегі ең сүтті ешкі тұқымы) және ешкі сүтін өндіру. Мұнда қолданылатын италиялық және сербиялық жабдықтар жылына 180 т ешкі сүті мен 140 т сүт өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.

Ферма директоры В. Розметовтың айтуынша, кеңейту аясында 450 асыл тұқымды ешкі әкелінді, бүгінгі таңда 300 бас мал төлі жиналды. Бірінші кезеңде 81 т пастерленген сүт, 21,6 т йогурт, ассортименттегі 15,3 т ірімшік және 4 т ешкі етін шығару жоспарланған.

Сондай-ақ, фермада ана сүтінің пайдасынан кем түспейтін балалар тамағын шығару жоспарда бар. Жақын арада ешкі сүтінен балмұздақ пен май шығарылатын болады.

Қазақстанда осы үлгідегі жоба алғаш рет жүзеге асырылуда. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қолдауымен құрылған шаруашылық бүгінде жеңілдікті несиенің басым бөлігін өтеген.

Айта кету керек, еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорнының дамуына Президенттің бес әлеуметтік бастамасының төртінші бағытын жүзеге асыру нәтижелері үлкен ықпалын тигізеді. 2018 жылы жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдікті несие беруді ұлғайту мақсатында қосымша 20 млрд тг бөлінді, осылайша шағын несие берудің жалпы сомасы 62 млрд тг құрайды.


Атырау қаласындағы студенттердің жатақханасымен танысты.

Облыс әкімінің орынбасары Н. Сайлауованың айтуынша, өңірде алға қойылған міндеттер белсенді түрде іске асырылып жатыр. Бақытжан Сағынтаевқа құрылыс нысаны — 100 орынға арналған жатақхана таныстырылды, ол биыл шілде айында пайдалануға беріледі.

Жалпы, Атырау облысында 25 колледж және 3 ЖОО бар. Білім алушылар саны — 29,6 мың адам, жатақханаларға жалпы қажеттілік көлемі —2300 орын.

Айта кету керек, колледждерге 960 орынға арналған 8 жатақхана салу бойынша жобалар жобалау сатысында тұр. Қазіргі таңда 200 орынға арналған екі жатақхана құрылысы басталды және тағы 250 орынға арналған екі жатақхана конкурстық рәсімдерді қорытындылау сатысында тұр. Құрылысты аяқтау мерзімі 2019 жылға жоспарланған.

Облыс ЖОО-ларына қажетті жатақхана орны — 850 орынды құрайды. 560 орын бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау биылғы жылдың екінші жартысына, ал 200 орын бойынша — 2019 жылға жоспарланып отыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі аясында бүгінгі қажеттіліктерді қанағаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.


Атырау облысының студенттерімен Президенттің бес әлеуметтік бастамасын талқылады.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында жол картасын қабылдағанын атап өтті. Жол картасы студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету, бүгінгі таңда сұранысқа ие техникалық бағыттағы мамандарды дайындау мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Жол картасын орындау 2018 жылдың екінші жартысында алғашқы нәтижелерін бере бастайды.

Бақытжан Сағынтаев Төртінші өнеркәсіптік революция мәселелерін шешу үшін мамандарды даярлаудың маңыздылығын айтып өтті. Осыған байланысты Қазақстанда 20 колледж іріктеліп алынады, олардың екеуі бүгінде жұмысқа кірісіп те кетті. Сонымен қатар инженерлік кадрларды, оның ішінде ақпараттық және цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды даярлауға ерекше басымдық беріледі.


Ақпараттар мен фотолар ҰР Премьер-министрінің ресми сайтынан алынды. 

News, Күн келбеті, Өңірлер, Фоторепортаж

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *