Шымкентте «инновациялық» жаңа университет салынады (ФОТО)

Оңтүстік Қазақстан облысында ағымдағы жылы тағы екі  жатақхана мен ең үлкен  «Қазақ жаңа инновациялық университетін» салу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкентте өткен жастардың көшпелі отырысында мәлім етті.

Жастармен болған жиында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы  бүгінде қазақстандық жастар бейбіт өмірде, әлемнің кез келген мемлекетімен терезесі тең дәрежеде өмір сүріп жатқанын атап өтті.

«Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары мен Үндеулерінде де жастарға айрықша көңіл бөліп келеді. Ал биылғы «Бес әлеуеметтік бастамасы» жастарымызға серпін беріп қана қоймай, студент жастардың кедергісіз білім алуына, сондай-ақ жатақхана мәселесі және болашақта өз кәсібімен айналысуға, баспаналы болуды да қарастырып өтті. Ал біздегі жоғары оқу орындарында 7200-ден астам студент-жастар тұратын 26 жатақхана қызмет көрсетеді. Соңғы екі жылда облыста екі мемлекеттік жоғары оқу орнында 1000-нан аса студенттер тұратын жатақхана соғылып, пайдалануға берілді, бұл әрине қуантарлық жағдай. Ағымдағы жылдың ІІ жарты жылдығында студент жастарымызға арналған тағы да екі жатақханың құрылыс жұмыстарын бастау көзделіп отыр»,-деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, әкім Шымкент қаласы аумағында ең үлкен  «Қазақ жаңа инновациялық университет» салу жоспарланып жатқанын мәлім етті. Бүгінде білім ордасына 150 га жер бөлініп отыр. 10 мыңға жуық студент білім алатын инновациялық университетте барлық салалар қамтылып, студенттерге жатақханалар, тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар салу қарастырылған, деді облыс әкімі.

Айта кетейік, бүгінде жалпы облыстағы жастардың саны 750 мың шамасында, яғни, облыс халқының жалпы санының 26 пайызын жастар құрайды. Сондықтан да  жастарды жұмыспен қамту жергілікті биліктің басты назарында. Мәселен, «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», «Серпін», «Жасыл ел» секілді жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда Оңтүстік өңірі алдыңғы қатарда. Атап айтар болсақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 905 жас маман, «Жастар практикасы» бойынша 5204 жас жұмысқа орналасты. Ал «Серпін» бағдарламасы бойынша бөлінген 15 мыңнан астам мемлекеттік гранттың 50 пайызы немесе 7587-сі Оңтүстік жастары. Сонымен бірге мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланушы жастардың саны да күннен күнге артып, 2015 жылмен салыстырғанда 53,1 пайызға артқан.

 

News, Өңірлер, Фоторепортаж

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *