Қырғыз депутаттары жетімдер үшін қызметтік пәтерден бас тартпақ

Қырғызстан парламентінің депутаттары жетім балаларды баспанамен қамту үшін қызметтік пәтерден бас тартпақ. Себебі кәмелетке толған балалар жетімдер үйінен кеткеннен кейін барар жері, басар тауы қалмаған. Тіпті жеткіншектердің көлік тұрақтарын паналап жүргені анықталды, деп жазады 24 хабар. 

17 жастағы Сергей Бішкекте әлеуметтік-оңалту орталығына қарасты жатақхананың бірінде тұрады. Басқа жетім балаларға қарағанда, оның уақытша болса да тұратын жері бар. Далада қалмасы анық. Ал дәл осы өліара шақта қай жолды таңдарын білмей отырған өзге жастар бас-басына пана таба алмай сенделіп жүреді.

«Оқу бітіріп, қараусыз қалған түлектер қалай да өмір сүруге тырысады. Кейбірі шаруашылықта мал бақса, енді бірі жылыжайда жұмыс істейді, тағы бірі арба сүйреуге келіседі. Мемлекет жетім жастарды әлеуметтік тұрғыда қолдап, қорғай алмағандықтан, олардың көбі оқып жатқан оқуын тастап кетеді», — дейді құқық қорғаушы Игорь Беляев.

Енді жастарды қолдауға ниет білдірген жергілікті парламент депутаттары қызметтік пәтерлерінің бір бөлігін интернат түлектеріне ұсынғысы келеді. Сөйтіп «Тұрғын үй туралы» заңға түзету енгізу жайын қоғам болып талқылап жатыр. Қазір Жоғарғы Кеңес депутаттары тұруы тиіс пәтердің көбі бос тұр екен. Мысалы, Бішкектегі шағын аудандардың бірінде орналасқан парламенттік үйдің бос тұрғанына жеті жыл болыпты.

«Жоғарғы Кеңестің қызметтік үйінде 3-4 бөлмелі 35 баспана бар. Жоғарғы Кеңестің өзге де үйлері барын ескере отырып, әр бөлмеге жатақханадағыдай 3-4 адамнан орналастырсақ, 400-500-дей түлекті үй-жаймен қамти аламыз», — дейді ҚР Жоғарғы кеңесінің депутаты Алтынай Омурбекова,

Бірақ бұл идея бәрінің көңілінен шықты деуге әзір ерте. Өйткені Бішкекте тұрғылықты үйі жоқ, өзге қалалардан келген депутаттар бұған қарсы шығып отыр. Олардың пікірінше, тұрғын үй мәселесін ипотека арқылы да шешуге болады.

Айта кетейік, интернат түлектері парламент үйінде тек 25 жасқа дейін тұра алады. Яғни осы жасқа келгенше жастардың білім алып, жұмыс істеп, аяқтан тұрып кетуге мүмкіндігі бар. Әрі қарай олар өз тағдырына өзі жауапты.

News, Күн келбеті

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *