Министр Қалетаев!

Жақында ҚР президентінің жарлығымен Дархан Кәлетаев ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалды.

Осы тағайындаудан кейін «Қалетаев орнын тапты», «Дархан Аманұлы нағыз идеологияның адамы» деген сияқты пікірлер жиі айтылды. Сондай-ақ, бұрынғы министр Нұрлан Ермекбаев ведомство жұмысын бір жолға қойып кетсе, оны алдағы уақытта Д.Қалетаев жаңа бір сатыға көтереді деседі.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Караван» газетіне осы тағайындау туралы пікір білдіріп, Қалетаевтың бұл міндетті атқаруға білімі де, тәжірибесі де жететінін алға тартады.

— Дархан Аманұлы мемлекеттік басқаруда тәжірибесі мол, мықты менеджер деп білемін. Ол Президент әкімшілігінде ішкі саясат, насихаттау және ұйымдастыру секілді өте маңызды бөлімдерді басқарды. Сонымен қатар, ол Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болды. Бұл қызметтердің бәрі өте жауапты болды және бағасыз тәжірибе берді. Соңғы рет Сенаттта депутат болып, заң дайындау процесімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды деп ойлаймын. Оның ведомство басшысы ретінде үлкен жұмыстар атқаратынына, министрлік жұмысын жан-жақты жандандыратынына сенімім сол. «Нұр Отан» партиясы болашақта ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігімен бірлесіп жұмыс істеуге, бірлесіп қолға алған жұмыстарды нәтижелі аяқтауға дайын, —  дейді Мәулен Әшімбаев.

Саясаттанушы, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин өзінің бұрынғы әріптесі Дархан Қалетаевтың болашағына нық сеніммен қарайды.

— Дархан Қалетаев карьерасын мемлекеттік қызметтен бастап, ішкі саясат саласындағы қызметтің барлық сатысынан өтті. Оған қоса Президент әкімшілігінде ішкі саясат бөлімін басқарып, осы бағыттағы өңірлік жұмыстарды қадағалады, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болды. Қысқасы, ол идеология мен ішкі саясаттағы барлық саяси алаңды білетін бірегей мамандардың бірі. Мен Дархан Аманұлымен бірге қызмет етіп, оның өте білікті басшы екеніне көзім жеткен. Өте ашық, кез келген адаммен тез тіл табысатын адам. Сол себепті Дархан Қалетаев азаматтық қоғам, партия және жастар секторында қызмет етіп келеді. Ол министрлік жұмысын жаңа деңгейге көтеруі тиіс, оған білімі де, тәжірибесі де жетеді, — дейді Ерлан Қарин. 

Саясаттанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Сұлтан Әкімбеков жаңа тағайындау министрліктің жұмысына қосымша серпін береді деп есептейді. 

— Дархан Қалетаевтың партиялық және қоғамдық-саяси жұмыстарда тәжірибесі мол болғандықтан, бұл тағайындау министрліктің жұмысына қосымша серпін беріп, қоғамдық құрамды нығайтуы мүмкін. Бұл бағыттағы жұмыстар кез келген жағдайда мемлекет үшін өте маңызды.

ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы, саясаттанушы Оразғали Селтеев экс-министр Нұрлан Ермекбаевтың орнын басқан Дархан Кəлетаевқа қатысты, оның алдағы міндеті жастар саясаты мен үкіметтік емес сектордың өзара іс-қимылына бас назар аудару екендігін атап өтеді.

— Дәл осы салалар бүгінгі күні әдістерді күшейту мен қайта қарауды талап етеді. Ал ол үшін оның тәжірибесі жеткілікті. Дархан Кəлетаев ұзақ уақыт бойы идеологиялық блогпен тікелей жұмыс істеді. Кезінде ол жастар саясаты жөніндегі өкілетті органға басшылық жасап, бұл салаға Президент Әкімшілігінде жетекшілік еткен еді», — дейді ол.

Д.Қалетаевтың өткеніне үңілсек, қызметін ең төменгі сатыдан бастаған. 1995 жылы мемлекеттік қызметке қарапайым маман болып кіріп, 2007 жылы ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасарлығына дейін өсті. Дархан Қалетаевтың қызмет жолына үңілсек, ең бірінші «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған кезі еске түседі. «Нұр Отан» партиясы жетекшілігінде бір жылдай ғана отырғанына қарамастан, ол партияның бұрын-соңды болған жетекшілерінің арасындағы ең танымалы болды. Президентке қатысты түрлі бастама, идеяларымен көзге түсті. Президентке «Ұлт көшбасшысы» деген мәртебе беру идеясына да бастамашы болған Д.Қалетаев болатын.

Ол партия жетекшілігіне небәрі 36 жасында келді. Елбасы Қалетаевтың көшбасшылық қасиетін, біліктілігін ерте бағалады. Жас саяси технолог ретінде партия жұмысында өте белсенді жұмыс істеп, ішкі партиялық ағымдағы жұмыстарды ұйымдастыру жағынан, саяси шаралар өткізу жағынан өзіне дейінгілерге қарағанда көш ілгері болды. «Жас Отанның» қоғамдағы рөлін күшейтіп, республикалық маңызы бар облыс, қала әкімдерінің партия жұмысына етене араласуына себепші болды. Партия қатарына қоғамда абыройы бар ірі шенеуніктер мен зиялы тұлғалардың қосылуы дәл осы Қалетаевтың тұсында болған еді.

Ол партияға келгенде «Мен бұл қызметке Елбасының нақты тапсырмаларын орындау мақсатында келдім» деп сұхбат берген еді. Өзін партиялық функционер ретінде емес, менеджер ретінде ғана санайтынын айтты. Қалетаевтың бұл сөзі оны тек саясаткер ретінде қалып қоймай, ұйымдастырушы, іскер басшы бола алатынын да меңзегендей еді.

Партия жетекшілігіндегі бір жыл, бір ай қызметінен кейін «Самұрық Қазына» қорының атқарушы директоры болып тағайындалды. Мұны сарапшылар қызметте төмендеуі деп түсіндірсе, Елбасы «әлі жас, болашағы алда» деп сенім білдірді. «Самұрық-Қазынадағы» рөлі саясаттан алшақ болды демесеңіз, өте жауапты қызметтердің бірі болатын. Арада біраз уақыт өткен соң Дархан Қалетаев Елбасының назарына қайта ілікті. Cенаттың 15 депутатын өзі тағайындайтын Елбасы Дархан Қалетаевқа Сенаттан мандат ұсынып, саяси додаға қайта қосылды. Содан бастап ең үлкен кадрлық ауыс-түйістерде Д.Қалетаевтың резервте тұрғаны жиі айтылып, болашақта бір облысты немесе бір ведомствоны басқаруы мүмкін деген жорамалдар айтылып келді. Осылайша сенатор Қалетаев «Министр Қалетаевқа» айналды.

Қысқаша өмірбаяны

Дархан Аманұлы Қалетаев 1972 жылы 14 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Тұғыл (Приозерное) кентінде дүниеге келген. 1994 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тарихшы мамандығы бойынша және 1996-1997 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару ұлттық жоғары мектебін тәмамдаған.

photo: vlast.kz

News, Саяси портрет

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *