Назарбаев Исекешевке қандай тапсырмалар жүктеді?

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Астананы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжіліске қатысып, қала мэрі Исекешевті мақтады, сынады және тапсырмалар берді. 


Астанадағы базарларды тәртіпке келтіруді тапсырды

«Сауда базарлары дұрыс ұйымдастырылмаған. Алматыдағы барахолканы сүріп тастады, сол секілді Мәскеудегі Черкизовский базары да сүрілді. Ал енді қара, сендерде не болып жатқанын… Ал керек десеңіз дәл қазір жап-жақсы базар салуға дайын тілек білдірушілер бар», — деді Мемлекет басшысы Әсет Исекешевке бей-берекет базарлардың суретін көрсете отырып.

Мәжіліс барысында Президентке аталмыш базар Тілендиев көшесіндегі жеке кәсіпкерге тиесілі екені жеткізілді. Әкімдіктің өкілдері аталған кәсіпкерге осы олқылыққа жол бергені үшін 75 АЕК мөлшерінде айыппұл салынғанын хабарлады.

«20 жылдыққа дайындық осы. Мойынды жумай бетті сулай салғансыңдар. Бұл түкпірлердің бәрі де күрделі. Көргендер: «қаласымен мақтанады, не болып жатқанын қараңдар» демей ме. Біз міне, бір-екі орынды ғана көріп отырмыз, ал қаланың басқа бөліктерінде мұндай көптеп кездеседі. Тәртіпке келтіріңдер», — деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев.

«Сергек» камераларын сонша мақтандыңдар, бірақ нәтиже жоқ»

«Әкім «Астана — ақылды қала» деп барлығын ретімен айтып берді. «Сергекті» бақылауға алып, қарап шыққанда 200 бейнебақылау камерасының тек 29-ы ғана жұмыс істейтіндігі анықталды. Мақтандыңдар, бірақ нәтиже жоқ. 200 бейнебақылау камерасы болса, онда оның барлығы да жұмыс істеуі тиіс», — деп ескертті Нұрсұлтан Назарбаев.

Лифтілердің жағдайына көңілі толмайды

«Жалпы, бұл мәселе барша Қазақстанға қатысты. Адамдар лифтілерді күнделікті үздіксіз пайдаланады. Осы салада тәртіп болуы керек. Бұл тұрғыда оларды күтіп ұстау мен уақтылы тексеру үшін тәртіпке келтіру қажет. Лифтінің тексерілгені туралы, сондай-ақ ешбір үрейсіз оны пайдалануға болатындығы жайында тиісті қадағалау жүзеге асырылған жөн», — деді Мемлекет басшысы Астананы дамыту мәселелеріне арналған кеңес барысында.

Астана экологиялық тұрғыда таза қала болуы керек

«Келесі мәселе: Астана — жасыл қала. Бұл біздің бәріміздің жұмысымыз. Астана экологиялық тұрғыда таза қала болуы керек. Жанар-жағармайдың сапасы бақылануы тиіс. Талапты күшейткен жөн. Жеке тұрғын үйлерде дөңгелекті отын қылып жағады. Одан қап-қара түтін шығады. Ешкім қарап отырған жоқ. Айыппұл салмайды. Сондықтан, қалаға келіп жатқан жанар-жағармайдың сапасын бақылауда Энергетика министрлігі көмектесуі керек. Бұны нақты анықтап, айыппұл салынуы тиіс», — деді Назарбаев Елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте.

Мемлекет басшысының назарынан газдандыру мәселесі де тыс қалған жоқ.

«Әлбетте, Астананы газдандыру бойынша бәріміз жұмыс істеп жатырмыз. Автобустарды газға ауыстырып жатырсыздар. Менің ойымша, ары кеткенде екі жылдың ішінде қалаға газ әкелеміз деген ойдамыз. Бұл жұмысқа дайын болуымыз керек. Газ құбырының магистралі келетіні келеді ғой, бірақ халыққа қалай таратамыз? Осыны ескеру керек», — деді ол.

«Астанада автотұрақ жетіспейді»

«Нұрлы Жол бульвары көлікке толып тұр, Үкімет үйі мен әкімдіктің алдында да сол жағдай. Сенің көз алдыңда — терезеңді ашып қарасаң — бей-берекет?!», — деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін сөз алған әкім аталған мәселені шешу үшін нақты жобалар жүзеге асып жатқанын айтып ақталды.

«Биыл «Әкімдік, ЦУМ алдындағы тұрақтар» атты 2 мың орындық жобалар басталады. «Нұрлы жол» алдында ақылы автотұрақтың жобасы енгізілді», — деді әкім.

Бұған қатысты сөйлеген Мемлекет басшысы бұл мәселені шешу үшін нақты тәртіптің жоқтығын айтты.

«Автотұрақтар бойынша біз нақты жұмыстарды іске асыруымыз керек. Барлық құрылыс салушыларды жерасты тұрақтарын салуға міндеттеуге тиіспіз. Астанадан да үлкен қалалар бар, бірақ олар бұл мәселені тиімді шешіп жатыр…  Бізде тәртіп жоқ. Автотұрақ үшін ақша алмайсыңдар. «Мерседес» үшін ақша бар ма, демек сағат бойынша автотұраққа төлеуге де ақша бар деген сөз. Тәртіпке бағынбағандардың бәріне қатаң түрде айыппұл төлету керек», — деді Президент.

News, Smart city, Өңірлер

Related Articles

3 комментария

3 Replies to “Назарбаев Исекешевке қандай тапсырмалар жүктеді?”
  1. Астананың болашағы зор болуы керек. Сырттан келетін қонақтарға барынша ыңғайлы әрі ұнамды болса дейсің.

  2. Президент лифт туралы мәселені дұрыс көтеріп отыр.Қазір лифтіге мінуге қорқасың.Сапасы өте нашар, бірақ сол сервис үшін ақша алады.

  3. Жағдайды әкімдік жеке бақылауында ұстап отыр деп ойлаймын. Астананың кем-кетігін ретке келтіреді деп ойлаймын.

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *