Тоғжановтың бір жылы: Маңғыстау әкімі жергілікті халықтың көңілінен шықпай отыр

14 наурызда Ералы Тоғжановтың Маңғыстау облысына әкім болып барғанына бір жыл толды. «Амал күні» әкім болған Тоғжановқа қатысты арада бір жыл өткенде жергілікті тұрғындардың негативке толы жазбалары көбейе түсті. Жазба авторларының дені «кадрды сырттан тасу, жергілікті мамандарға сенбеу, берген уәделерін орындамау сияқты» сияқты негіздермен сыни бағасын беріп, облыс әкіміне көңілі толмайтынын жеткізеді. 

«Жергілікті мамандарға сенбеу, кадрды сырттан тасу»

Маңғыстаулық азаматтардың айтуынша, Ералы Тоғжанов әкім болғалы бері сырттан 50-ге жуық кадр әкелген. Оның 15 шақтысы ірі қызметтерді иеленген. Облыс әкімінің 3 орынбасары сырттан келді. Облыс әкімі 5 ай өтпей жатып 2 орынбасарын ауыстырғанда, жергілікті халықтың мұндай кадрлық өзгерістер жасауға қарсы екені байқалған. Сол кезде Ақтау қаласындағы қоғам белсенділерінің бірі Нұркамал Аязбаев жергілікті мамандардың арасында лайықты ешкім болмағаны ма деп сауал тастады.

Бұл мәселені Ералы Тоғжановтың есептік кездесуі қарсаңында Қуаныш Еділхантегі дейтін маңғыстаулық азамат та қозғады.

Ондаған жыл мемлекеттік қызметте жасап, облыста жоғары басшылық қызметтер атқарған, облыс әкімдігінің жұмысын бес саусағындай білетін Мұханбет Жүнбасов облыс әкімі Тоғжановтың кадрлық саясатын қатаң сынға алып, сырттан жаппай кадр тасуды тоқтатпаса болмайтынын, қаншама жергілікті кадрлардың жұмыстан шеттетіліп қаңғып қалғандығын айтып, бұның барлығы халықтың ашық наразылығын туғызып отырғанын көрсетіп, бірнеше посттар жазды.

Журналист, Маңғыстау өңірінің тумасы Алмас Алтайдың Ералы Тоғжановтың бір жылына берген «бағасы» көпшіліктен қолдау тапты. Журналист облыс әкімін Маңғыстау жұрты бүгінде «сылдыр сөздің құдайы» деп атап кеткенін, сондай-ақ бір жыл ішінде дзюдодан ардагерлер арасында өткен жарыста мықтылардың бірін жеңгенімен ғана есінде қалғанын жазады.

Тоғжановтың тұсындағы ауқымды істер

«Ақтау-Бейнеу» автожолы аяқталуға жақын, енді оның қатарына «Бейнеу-Ақжігіт­-Өзбекстан Республикасының шекарасы»  тасжолы қосылмақ. Сондай-ақ, Қарақия ауданынан Құрық портына дейінгі көлік дәлізі сәуір айында қолданысқа беріледі. Құрық портының екінші кезеңі аяқталуға жақын және жақында 1,5 млн тонна жүк жөнелтіліп, биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2 млн-ға жетеді деп жоспарланып отыр.

Жақында Ералы Тоғжанов бастаған Маңғыстау делегациясының БАӘ-ге іссапары шеңберінде инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты нығайту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік Корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Абу-Даби Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты нығайту бойынша келіссөз өтті. Тараптар екі елдің кәсіпкерлері арасында тікелей байланыстар орнатуға келісті және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, экономикалық әртараптандыру арқылы өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында, Маңғыстау облысына шетел инвестицияларын, жаңа технологиялар мен ресурстарды тарту жоспарланып отыр.

 

Сондай-ақ, іссапары аясында Ақтау мен Дубай арасындағы жаңа әуе қатынасы туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатта Маңғыстау облысы мен Дубай қаласы / БАӘ арасында байланыс орнату және дамыту үшін қолайлы жағдай жасау көрсетілген. Fly Dubai 2018 жылдың қазан айынан бастап 2018/2019 маусымына жоспарланған жаңа Дубай-Ақтау-Дубай рейсін ашады. «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ тиісті әуежай мен жердегі қызметтерді ұйымдастыруға, сондай-ақ тиімді баға саясатына қолдау көрсетеді. Тараптардың айтуынша, жаңа әуе қатынасы БАӘ-ге Қазақстаннан және шекаралас елдерден (Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан) баратын туристердің саны өседі және Ақтау халықаралық әуежайы арқылы транзиттік жолаушылар саны артады деп күтілуде.

Маңғыстауда индустрияландыру картасы аясында 12 млрд. теңгенің 5 жобаны жүзеге асады.

2017 жылы Президент әкімшілігі тұңғыш рет өңірлер арасында бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингісін өткізді. Рейтинг қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы 12-ші орыннан 2-ші орынға шықты.

Облыста 2017 жылы 26 балабақша пайдалануға берілді, оның ішінде 25-і жеке инвестиция есебінен. 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 93%. Жыл соңында бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарлануда.

News, Өңірлер, Саяси портрет

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *