Ең жас облыс әкімі еңсерген екі жыл

Бүгін еліміздегі ең жас облыс әкімі – Алтай Көлгіновтің Батыс Қазақстан өңіріне тағайындалғанына 2 жыл толыпты. Ендеше, өткен 730 күндегі жұмысы несімен есте қалғанына көз жүгіртейік.

А. Көлгінов Батыс Қазақстан облысына бөтен емес. Президент әкімшілігінде атқарған мемлекеттік инспектор қызметіне кіріскен 2010 жылдан бастап батыс өңірлермен жұмыс істеді. 2012 жылы облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалса, 2013-2016 жылдар аралығында Орал қаласының әкімі болды. Өңірдің барлық сатысынан өткен маманды мемлекет басшысы 2016 жылдың 26 наурыз күні БҚО әкімі етіп тағайындады.

Көлгінов келген сәттен бастап өңірді дамыту жоспарын бекітті. Ендеше биыл ғана 40 жасқа толған ең жас өңір басшысының басымдық берген жұмыстарына аз-кем шолу жасайық.

Жол

Батыс Қазақстан облысы еліміздің батыс қақпасы саналғанмен, көршілес облыстардай жағдайы мәз емес. Мысалы 2015 жылы тұтас облыс бойынша 208 шақырым ғана жөнделген екен. Еліміз бойынша жол сапасы бойынша соңғы орындарда болуы – заңдылық. Себебі 26 процент жолы ғана жарамды БҚО бұл тұрғыда ұятты жағдайда болатын. Президент бекіткен «Нұрлы Жол» бағдарламасының нәтижесінде бұл облыста 2016 жылы – 293 шақырым, 2017 жылы – 420 шақырым жол жөнделген. Яғни, соңғы 2 жылда облыста 700-ден астам шақырым жол жөнделіп, ішкі қарым-қатынаста да, шет мемлекеттермен жалғайтын күре жолдардың да тынысы ашылды. Әкімнің жұмысы ретінде айтатын тағы бірі – ауылішілік жолдар. Мысалы облыс орталығына ең жақын аудан орталығының ішінде 2016 жылға дейін асфальт төселген көше болмаған. Міне, соңғы екі жылда 12 ауданның орталығының ішіне асфальтты көшелер мен тротуарлар пайда болуда. Орал қаласында тек өткен жылы 67 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қаладағы көпірлердің бірін қайта салуда.

Ауыз су

Таза ауыз сумен қамтылу бойынша да елімізде көш соңында осы – Батыс Қазақстан облысы. Бір қызығы Алтай Көлгінов өзгелер сияқты өңірдегі кейбір кемшілікті жасырмайды. Мұндай қасиеті белгілі бір деңгейде ашықтықты қамтамасыз етуге ықпал етіп келеді. Алғаш тағайындалған жылы облыс әкімі «Өңірдегі 443 елді мекеннің 37 пайызы ғана орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған» деген болатын. Тек қана 2017 жылы 1 100 шақырым су құбыры тартылып, Батыс Қазақстанның 60 елді мекеніне таза ауыз су жеткізу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі көрсеткіш 42 пайыздан асқан. Бір ай бұрынғы есебінде А. Көлгінов 2018 жылы да 50 елді мекенге таза ауыз тарту жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

Құрылыс

Ел тұрғындарына ортақ баспана мәселесі оралдықтарға да тән. Облыста Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары 56 мың, ал баспана кезегінде тұрғандар саны 22 мыңнан асқан екен. Оны да ресми жиындарда облыстың әкімі айтып жүр. Президент қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы облыстағы құрылыстың қарқын алуына тікелей септігін тигізген. Мысалы өткен жылы құрылыстағы өсім 42 процентті құраған. Бұл – еліміз бойынша сөз жоқ жоғары деңгей, ал облыс үшін әлбетте, рекордтық көрсеткіш. Соңғы 2 жыл ішінде 3 мың адам өз үйінің кілттерін алса, солардың арасындағы 700 отбасы жетім-жесірлер, ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен басқа да әлеуметтік топтар өкілдері екен. Тек былтыр ғана білім берудің 24 нысаны салынса, 19 денсаулық сақтау мекемесі жөнделіп, тағы біразы жаңадан салынған.

Орал – ескі шаһар. Тозығы жеткен үйлердің өте көп. Соның 40-тан астамы апатты деп танылған. Ал 2016-2018 жылдары Оралдағы 20 апатты екіқабатты үйлер сүріліп, орнына көпқабатты замануи үйлер бой көтеріп келеді.

Газдандыру

Еліміздегі газдандыру бойынша жалпы көрсеткіште алдыңғы қатарда болғанымен, БҚО-ның кейбір елді мекендерінде тезек жағып отырған отбасылар аз емес. 2017 жылы 36 елді мекенге газ тарту жұмыстарын басталып, басым бөлігі жыл соңында пайдалануға берілді. Нәтижесінде газдандыру бойынша 94 процентке жеткен. айызға жеттік. Жұмыстар 23 елді мекен бойынша әлі де жалғасуда. Биыл осы жұмыстарды аяқтап, көрсеткішті 95 процентке жетпек.

Ауыл шаруашылығы

Агроөнеркәсіптік кешеннің басымдық саласы ретінде мемлекет басшысы айқындап, арнайы тапсырма берген ирригациялық жүйелерді қайта жаңарту және жайылымдық жерлерді суландыру жұмыстары БҚО-да қарқынды жүруде. Осы салада 2 млрд. 250 млн. теңгеге барлығы 6 жобаны басталып, бүгінде соның 5-еуі аяқталған. Нәтижесінде өңірде 3,5 мың га жерді тұрақты сумен, 70 мыңнан астам­ гектар суару жүйесімен қамтамасыз етілді. 2 жыл ішінде облыста игерілмей жатқан 1 млн. гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Көлік және логистика

Еуропада орналасқан жалғыз қаламыз – Орал. Бріқа бұл қаланың әуежайы да ескірген. Осы уақытқа дейін тек қана Астана мен Алматыға ғана қатынауға мүмкіндік болған. Соңғы екі жылда Атырау, Ақтау сияқты ішкі рейстермен қатар, Франкфурт, Мәскеу сияқты халықаралық рейстер ашылды. Енді биылдан бастап Орал халықаралық әуежайын атына затын сай ету жұмыстары басталатын көрінеді. Көптен бері шешімін таппай келген Тұлпар-Тальго пойызы өткен жылдың соңынан бастап Оралға қатынай бастады. Соның нәтижесінде Алматымен арадағы 60 сағат 36 сағатқа дейін қысқарса, Астанамен қашықтық 40 сағаттан 25 сағатқа дейін қысқарған.

Мәдениет және идеология

Өткен жылы облыста Сырым Датұлының 275 жылдығы мен Алаш қозғалының 100 жылдығы кеңінен аталып өтілді. Облыс орталығында Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспановаларға арналған ескерткіш бой көтерді. 2016 жылы жылы күй атасы Құрманғазы мен Дина Нұрпейісоваға арналған ескерткіш орнатқан болатын. Облыстық қазақ драма театрына Хадиша Бөкееваның, Қадыр Мырза Әли орталығына Қадыр ақынның есімдері ресми түрде берілді. Биыл облыс орталығында үлкен Мәдениет үйі бой көтермек. «Рухани жаңғыру» аясында Қазақстанның қасиетті орындарының макеттерінен тұратын ашық аспан астындағы музей салынбақ екен. Ал БҚО – еліміздегі ең алғаш Рухани жаңғыру музейін ашқан өңір.

Цифрландыру

Облыстағы 380 мектептің барлығы BilimLand жаңа контентімен қамтылған екен. Облыс орталығында SmartUralsk қызмет көрсету орталығы ашылып, келіп түскен 455 арыз-шағымның 95 пайызы осы орталық арқылы шешілген. Президенттің жолдаудағы тапсырмасына сәйкес, Астанадан үлгі алып отырған бірден бір қала – Орал. 6 мыңның үстінде бейнекамералар орнатылып, қоғамдық орындар, мектептер, жолдар толықтай қауіпсіз орынға айналуда.

Қорытынды

Көлгінов келген 2 жылда осындай жұмыстар атқарылған екен. Біз бұл деректерді жинақтау барысында облыс әкімінің тікелей сұхбаттары мен баяндамаларын сараптап шықтық. Байқағанымыздай, Көлгінов көпшіл тұлға болып шықты. Атқарған жұмысы туралы айтқанда «Мен» деп емес, «біз атқардық» деп сөйлейді. Елбасының, Үкіметтің жұмысын үнемі айтып жүреді. Тіпті әрбір министрлікпен жұмысты облыс тұрғындарына түсіндіріп отырады. Бұл – орталық көрген, орталықпен тығыз байланыстағы адамның келбеті. Барды «бар», жоқты «жоқ» деп құр сөзден қуырдақ қуыруға жол бермейтін Көлгінов екі жылдық жұмысын сәтті қорытындылады деуге болады. Себебі жақында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды.

News, Өңірлер, Саяси портрет

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *