Еліміздің солтүстігі мен орталығын газбен қамтуға жылына 2,5 млрд текше метр газ жұмсалатын болады

Әуелде еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз етудің екі нұсқасы әзірлегенін жақсы білеміз. Біріншісі «Батыс-Солтүстік-Орталық», екіншісі «Сарыарқа» магистралды газ құбырлары. Алғашқы нұсқаға сәйкес, көгілдер отын бас қалаға Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Астана бағыты арқылы жетуге тиіс-тін. Екінші нұсқа Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана-Көкшетау-Петропавл бағытын қамтиды.

Негізі алғашқы нұсқаға басымдық беріліп, Батыс-Солтүстік-Орталық бағытының жай-жапсары зерделенген еді. Бұл бағыт Орталық Қазақстанды Қостанай облысындағы газ құбыры арқылы газдандыруға мүмкіндік беретін. Алайда, бірінші нұсқа емес, екіншісі таңдалды. ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, мұндай қадамға барудың бірнеше себебі бар.

«Иә, әуелде «Батыс-Солтүстік-Орталық» магистралды газ құбырының құрылысы қарастырылған болатын. Мемлекет басшысы жуырда Қазақстан халқына үндеу жолдап, бес бастамасын жария етті. Аталған бастамада «Сарыарқа» газ құбырының жобасы таңдалды. Ол Қызылордадан Жезқазған, Қарағанды, Теміртау арқылы Астанаға келеді. Сондай-ақ, бұл жоба алдағы уақытта Көкшетау мен Петропавлды газдандыруға жол ашады. Біріншіден, көгілдір отынды батыстан емес, оңтүстіктен тарту арқылы халықтың көп бөлігі қамтылса, екіншіден, газдың мол қоры шоғырланған Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кен орындарының газын пайдалануға мүмкіндік бар», – деп мәлімдеген болатын Мағзұм Мырзағалиев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Жалпы, соңғы жылдары Батыс Қазақстанның газын «Орталық Азия – Орталық» магистралды газ құбыры арқылы еліміздің оңтүстік өңіріне әкелу үшін қажетті инфрақұрылым тартылған болатын. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының пайдалануға берілгеніне де көп уақыт бола қойған жоқ. Енді аталған газ тасымалдау дәлізін пайдалана отырып, көгілдір отынды елордаға әкелу міндеті тұр.

«Газ құбырын Астанаға оңтүстіктен емес, Қостанайдан тарту шамамен 200 шақырымдай жақын болар еді және оның техникалық-экономикалық негіздемесі, жобалық-сметалық құжаттамасы да әзірленіп қойған болатын. Алайда, екі бағыттың да бағасы бірдей боп шықты. Ал тиімділік тұрғысынан «Сарыарқа» әлдеқайда басым. Сол себепті таңдау «Сарыарқаға» түсті. Бұл бағыт арқылы 1 миллионнан астам қазақстандықты газбен қамтуға мүмкіндік бар», – деді Мағзұм Мырзағалиев.

«Сарыарқа» газ құбырының техникалық-экономикалық негіздемесі 2017 жылы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Ол осы жылдың мамыр айында аяқталуы керек. Ал маусым айында жоба сараптамалық комиссияның мақұлдауынан өтеді деп күтілуде. Бұйыртса, шілде айында құрылыс жұмыстары басталуға тиіс.

Бұдан бөлек, қаржылдандыру мәселесі де шешімін табуда. Бұл ретте, халықаралық қаржы ұйымдарын тарту көзделіп отыр. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана учаскесі 267,3 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Сонымен қатар, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облыстарында және Астана қаласында газ құбырына қажетті жер теліміндері бөлінуге тиіс. Бұл жұмыстар әкімдіктердің мойнына артылмақ. Себебі, газ құбырларын әр үйге жеткізіп беру үшін қалаішілік инфрақұрылымды дайындау маңызды.

«Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу барысында біздің мамандар газ құбыры өтетін жолдарды бастан-аяқ жүріп өтті. Осылайша, олардың аса күрделі еместігіне көз жеткізді. Сондай-ақ, газ құбырларын тартуда тәуелсіздік жылдары айтарлықтай мол тәжірибе жинақталғанын да атап өтуге тиіспіз. Тек, ауа райы жағдайы кедергі келтіруі мүмкін. Жалпы алғанда, «Сарыарқаның» құрылысын мемлекет басшысы атап өткендей, бір жарым жылдың ішінде аяқтауды көздеп отырмыз», – дейді вице-министр.

Кейін «Сарыарқа» газ құбырынан Көкшетау мен Петропавлға газ тарту үшін құбырдың диаметрлеріне баса мән берілуде. Сонымен қатар, газды тұтыну көлемі артатын болса, Жезқазған мен Теміртауда екі компрессорлық станция салу жоспарланған. Ал алғашқы уақытта Қызылорда облысындағы Қараөзек компрессорлық станциясының қуаты жеткілікті болмақ.

«Жаңа газ құбырының пайдасы мол болады. Біріншіден, жаңа жұмыс орындары ашылады. Құрылыс жұмыстарына 800 адам жұмылдырылса, процесті қамтамсыз етуге 200-ден астам маман тартылмақ. Екіншіден, магистралды газ құбырының айналасынан табиғи газды пайдалану арқылы жаңа өндіріс ошақтарын ашуға мүмкіндік туады. Үшіншіден, Астананың ауасы ластанбайды. Елордаға газ тарту ауаға таралатын қалдықтардың көлемін 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға дейін азайтылады. Төртіншіден, жобаны жүзеге асыру арқылы 192 жекеменшік және 48 шағын коммуналдық қазандықты, 22 мыңдай жеке тұрғын үйді, Астанадағы бірінші және екінші жылу электр орталықтарының ыстық суға арналған қазандықтарын газға ауыстыруға болады. Мұның барлығы бас қаланың экологиялық жағдайын жақсартады деген сенім бар», – дейді Мағзұм Мырзағалиев.

Мамандар газдандыру көмір өнеркәсібіне кері әсер етуі мүмкін деген пікірді алға тартып жүр. Жалпы, Астанаға газды тартудың нәтижесінде көмірді қолдану көлемі 650 мың тоннаға азаяды екен. Бірақ, елімізде жылына 100 млн тоннадан астам көмір өндірілетінін ескерсек, 650 мың тонна деген аса көп те емес сияқты. Бірақ, бұл бөлек тақырып, әрине.

Вице-министрдің сөзіне сенсек, газдың құны көмірден қымбатырақ. Бірақ, тариф тұрғындар үшін қолайлы болады деп күтілуде. Дегенмен, газ құбырының құрылысы аяқталмай жатып, тариф туралы әңгіме қозғауға әлі ертерек секілді.

«Тәуелсіздік жылдары елімізде газ өндірісі жылына 8 млрд текше метрден 52 млрд текше метрге дейін ұлғайды. Бұл көрсеткіш әлі де арта бермек. Қазіргі таңда халықты газбен қамту деңгейі шамамен 50%-ды құрап отыр. Егер солтүстік пен орталықты газбен толық қамтысақ, бұл мақсатқа шамамен жылына 2,5 млрд текше метр газ жұмсалатын болады», – деді вице-министр.

Еске сала кетейік, 2014 жылы ел үкіметі Қазақстанды газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасын бекітті. Оған сәйкес, 2030 жылға қарай халықты газбен қамту деңгейін 56%-ға жеткізу көзделіп отыр. Осылайша, 3 млн адам немесе 1,6 мың елді мекен газбен қамтылады деген болжам бар.

Авторы — Фархат Әміренов

News, Smart city, Өңірлер

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *