NCA бар дүние-мүлкін шетелге тасыған олиграхтардың ұйқысын қашырды

Ұлыбританияның «Ұлттық қылмыстық агенттігі» (NCA) Англия үкіметінің «Шығу-тегі анық емес байлыққа ордер» (Unexplained Wealth Orders) заңындағы жаңа тетікті қолдануының алғашқы дерегі тіркелгенін жария етті. Бұл «түсі суық» құжат 2018 жылғы 31 қаңтарда күшіне енген болатын. Заң 50 мың фунт (яғни, шамамен 23 миллион теңге немесе 70 мың доллар) тұратын барлық активтерді еш түсіндірусіз бұғаттап тастауға, егер оның қожайыны ақшаның не мүліктің адал, заңды жолдармен табылғанын дәлелдей алмаса, тәркілеуге жол ашады.

Ресми мәлімет бойынша капиталды заңсыз жылыстатқандарға қарсы жойқын күрестің гүрзі соққысының астында әлдебір «Орталық Азиядан келген ауқатты адам» қалып отыр. Тергеу амалдары біткенше, оның аты және біздің өңіріміздің қай елінен екені аталмайды. Сондықтан Қазақстан азаматы болып шығуы да ғажап емес.

Бұл ретте NCA «Орталық Азиядан келген тұлғаның Лондонда және Англияның оңтүстік-шығысында жалпы сомасы 22 миллион фунт стерлинг тұратын жылжымайтын мүліктерді сатып алу» тапсырысы «тұтқындалғанын» жария етті. Тапсырыстың заңдылығын сот анықтайтын болады. Егер сот осы қаржылардың арам жолмен табылғаны жөнінде шешім шығарса, ағылшындардың құзырлы органдары аталған орталықазиялық тұлғаның дүниесін ғана емес, өзін де тұтқынға алуы мүмкін екен.

Осы орайда ақпарат құралдарына мәлімдеме жасаған Ұлыбританияның ұлттық қылмыстық агенттігінің экономикалық қылмыстар жөніндегі директоры Дональд Тун (Donald Toon) өзге мемлекеттерден арындаған лас қаражаттар ағынына тосқауыл қоюға табанды түрде кіріскендерін қадап айтты:

«Шығу-тегі таза емес байлыққа тоспа құру – заңсыз табыстарға арналған орын ретіндегі Ұлыбританияның тартымдылығын айтарлықтай төмендетеді. Бұл Ұлыбритания патшалығына Лондондағы және басқа да өңірлердегі бастапқы нарықтағы жылжымайтын мүліктер арқылы ақшаны «тазарту» проблемасын бұрынғыдан анағұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді. Біз Ұлыбританияға және ол арқылы өзге мемлекеттерге жол тартатын заңсыз қаражаттар ағынымен күрес үшін қолымызда бар өкілеттіктердің бәрін пайдалануға батыл кірістік», – деді Дональд Тун.

Ал Times газетіне берген сұхбатында қауіпсіздік мәселелері жөніндегі министр Бен Уоллес Ұлыбританияға бас сауғалап қашатын шетелдік жемқор саясаткерлер мен қылмыскерлерге енді «үкіметтің бар қаһарын төгетінін» мәлімдеді. Бұл ретте үкімет Ұлыбританияның офшорлық аралдарын пана еткен олигархтардың заңсыз жинақтарымен де күресті бастапты.

«Күтіңіздер, біз сіздерге келеміз, сіздердің заңсыз активтеріңіз тұтылады. Біз сіздердің өмірлеріңізді қатты күрделендіреміз!» – деп, Бен Уоллес ауқаты арам қашқын байларға қайырылды.

Times дерегі бойынша, құзырлы органдар тергеулер жүргізу үшін ондаған нысананы белгілеп те қойыпты.

«Шығу-тегі белгісіз мүліктерге қатысты сұраулар жергілікті есірткі саудагерінен бастап, халықаралық олигархтар мен шетелдік қылмыскерлерге дейінгілердің барлығын қамтуға тиіс. Мәселен, әлдебір елдің имунитеті бар парламент депутаты Найтсбридждегі миллиондаған фунтқа бағаланатын сән-салтанатты таунхаусты иеленсе, бірақ ресми табысы мен жалақысы оны сатып алуға жетпейтіні анықталса, ал оның өзі сонша қаржыны қайдан алғанын түсіндіре алмаса, біз мұндай активті тұтқындаймыз. Ондай мүліктер біздің иелігімізге көшеді және одан түскен табыстар біздің құқық қорғау қызметімізді қаржыландыруға пайдаланылатын болады», – деп түсіндірді арты арам жылжымайтын және жылжитын мүліктердің тағдырын қауіпсіздік мәселелері жөніндегі министр.

National Crime Agency ақпарынша, жыл сайын Ұлыбритания Корольдігіне 100 миллиард фунт стерлингке дейінгі шығу-тегі күдікті қаражат құйылады. Олардың үлкен бөлігі негізінен жылжымайтын мүлікке, сондай-ақ аса қымбат әрі коллекциялық автокөліктерге, өнер туындыларына және басқа да сән-салтанат заттарына салынады.

Бірақ енді Қазақстанда мемлекет пен ел қаржысын жымқырып, шылқи байыған соң, шетелге тайып тұратын арамзалардың Батыста бейғам талтаңдайтын заманы өтіп барады. Бұдан былай оларға өз активтерінің шығу-тегін растап қана қоймай, Батыс елдерінде сатып алатын, құны 70 мың доллардан қымбат тұратын әрбір зат пен мүлік үшін құзырлы органдарға «түсіндірме» жазуға, ақшаның тазалығын растайтын құжаттар ұсынуға тура келмек. Әйтпесе, еуропалық құқық қорғау органдарында оларын еш түсіндірусіз тұтқындап, сот арқылы мемлекет меншігіне жатқызудың тамаша тетігі, қаһарлы қаруы пайда болды.

«Бұл жаңа заман басталғанының нышаны! Құқық қорғау органдары Ұлыбритания арқылы коррупциялық байлықтарын тазартуға ұмтылатын ірі тұлғалардың «лас қаражаттарын» табуға мықтап кірісті және бұл туралы соларға нақты белгі беріп отыр. Олардың заңсыз активтері енді қауіпсіз болудан қалды», – дейді Transparency International ұйымының насихат бөлімінің басшысы Рейчел Дэвис Тека.

Қазақта «өзің білме, білгеннің тілін алма!» деген ащылығы қарғысқа бергісіз кеңес бар. Егер естерінде болса, елбасының өзі осыны талай ескертті емес пе?! Таяудағысына тоқталсақ, 2017 жылдың желтоқсанында жалпыұлттық телекөпір барысында Нұрсұлтан Назарбаев байлар мен шенеуніктерге Батыстағы ақшаларының қауіпсіздіктен айырылғанын қадап айтты.

«Мен Қазақстанда бай адамдар болуын мақсат тұттым. Бірақ олардың біразы капиталдарын Қазақстаннан шығарып әкетуін жалғастырып, шетелде ұстауда. Қаржыны әкету жолдарының бірі жалған немесе күмәнді экспорттық-импорттық мәмілелер болып табылады. Қазақстанда үш заңдастыру науқаны өткізілді, оның нәтижесінде әлдекім қудалауға ілікті ме? Жауапкершілікке тартылды ма? Ешкім де тартылмады. Ал шекараның сыртында ұстайтындар ақшасын жоғалтады. Санкциялар жағдайында сіздерге ешкім де көмектеспейді. Ақшаларыңызды Қазақстанға қайтарып, осында ұстаңыздар. Бұл үйде, не шетелдік банкте тығып ұстағандағыдан әлдеқайда сенімді. Олай жасамайды екенсіздер, оны біз жасаймыз! Сонда өкпелемейтін болыңыздар. Басқаны айтпағанда, 18 қазақстандық компания 12,5 миллиард доллар қаржыларын шетелде ұстауда. Олар елге қайтса, ұлттық валютаға қолдау болып, Қазақстанның игілігіне жұмыс жасар еді. Еріккендеріңіз жетеді, әйтпесе, басқа шауып барасыздар. Енді басқаша болады», – деп қадады мемлекет басшысы.

Ол нақты деректерді де жариялады: мемлекеттің қомақты үлесі бар «Теңізшевройлдың» шетелде $4,5 млрд қаражаты, «ҚазМұнайГаздың» – $3 млрд, «ҚазМұнайГаз» БарлауӨндіру» компаниясының – $2 млрд, «Азиялық газқұбырының» – $1 млрд-тан астам, «Бейнеу – Шымкент» газ құбырының 100 миллион доллары шетелде жатыр. Олардың елге қайтарылған-қайтарылмағаны туралы ақпарат жоқ.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де жаға ұстатар деректер келтірген: ең кем дегенде, қазақстандық шенеуніктер 8 миллиард доллардан астам қаражатты елден әкетіпті.

«Global Financial Integrity» зерттеу тобының мәліметіне сәйкес, тек 2004-2013 жылдар аралығындағы он жыл ішінде Қазақстаннан шетелге 167,4 млрд доллар заңсыз жылыстатылған.

Енді қазақ елінен батысқа ауған алақол шенеуніктер мен байларға екі жол қалады: не Батыста «улы активтерінен» құтылып, қатардағы азаматтардай қарапайым өмір сүруге көшеді, не ұрланған қаржы-мүлікті Қазақстанға қайтарып, жария етеді, бизнеске, нақты өндіріске салып, заңдастырады.

Сонымен қатар, елден қаржының әкетілуіне Қазақстан да қатаң бақылау орнатуда. Жақында мәжіліс «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасын мақұлдады. Елбасы тапсырмасы бойынша ұлттық банк әзірлеп шыққан бұл құжат 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді деп күтілуде. Қаржылық реттеуші жетекшісінің орынбасары Олег Смоляковтың түсіндіруінше, аталған заң «трансшекаралық сипаттағы валюталық операцияларды мониторингпен қамту аясын кеңейтуге, валюталық бақылаудың тиімділігін арттыруға, елден ақшаның әкетілуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді».

Атап айтқанда, экспорттық-импорттық мәмілелер бойынша есептік тіркеудің қолданыстағы рәсімі тек тауармен шектелмей, келер жылдан бастап жұмыстар мен қызметтердің экспорты және импорты бойынша валюталық келісімшарттарға да қолданылады. Әйтпесе, мысалға, «шетелдік мамандардың кеңесші-консультативтік қызметтеріне» деп, миллиондаған доллар бюджет қаржысы жатжұрттарға кететінін депутаттар да айтып келеді.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының айтуынша, жаңа заңда «елден ақшаны әкету белгілері бар валюталық операциялардың тізбесі белгіленді».

«Тізімге атап айтқанда: резиденттің, яғни қазақстандық жеке және заңды тұлғалардың кейін Қазақстандағы есепшоттарға ақша аудару жолымен өтеуді көздемейтін қарызды бейрезидентке (шетелдіктерге) беруі, бейрезиденттің Қазақстандағы есепшоттарға ақша аударуды көздемейтін қарызды резидентке беруі, резиденттің үлестес емес бейрезидентке 720 күннен асатын мерзімге пайызсыз қарыз беруі, сондай-ақ елге қайтару мерзімі 720 күннен асатын экспортқа немесе импортқа ақы төлеу бойынша операциялар жатады», – дейді Олег Смоляков.

Өйткені мәселен, шетелдік фирма қазақстандыққа кредит берген секілді мәміле бекітеді, бірақ ол қарыз қаржы Қазақстанға кірмейді. Ал артынша сол «қарыздың» өтеуі ретінде елімізден ондаған миллион доллардың қаражат шетелге жолданады. Осы және басқа да кең таралған қаржы жылыстату схемалары қатаң бақылауға алынбақ, жолы кесілмек.

«Лицензиясынан айырылған «Дельта банкте» кредиттердің 100% дерлігі банктің қожайын-акционерінің бақылауындағы компанияларға берілген. Алайда банктің бізге тапсыратын есебінде бұл көрсетілмеген. Ол тек тексеру нәтижесінде анықталды. Ал «РБК банкінде» кредиттердің 90%-ы не банктің акционерлері, немесе солармен байланысты тұлғалар болып табылатын төрт қарыз алушыға берілген!» – дейді ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

Ол аталған кредиттерді беру кезінде қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау рәсімі жүргізілмегеніне, қарыздың қайтарылуын қамтамасыз ететін кепілзаттар талап етілмегеніне назар аудартады. Нәтижесінде ол кредиттер негізінен – қайтарымсыз.

Және банк қожайындары өз қаржысын жылыстатса бір сәрі, мемлекеттің қаржысын жымқырады. Данияр Ақышевтің ақпарынша, «Дельта банк» міндеттемелерінің 60%-ы квазимемлекеттік құрылымдардың есепшоттары болып табылады. Жалпы, қазір банктердің барлығы өздерінің емес, бизнес пен мемлекеттің қаржысын жұмсауда.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, егер 2000 жылдары мұндай тәуекелді кредиттерді беру банктердің шетелден алған қарыз ақшасы есебінен жүргізілсе, соңғы жылдары мемлекеттің қаражаты есебінен қаржыландырылуда: мемлекеттік холдингтер және квазимемлекеттік сектор (ұлттық компаниялар, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, министрліктерге бағынышты компаниялар) отандық банктердегі шоттарында қазір 7,2 трлн теңгеден астам қаражат ұстауда. 2010 жылы бұл көрсеткіш небары 2,5 трлн теңге болған. Осылайша, 3 есеге өсті.

Ендеше қаншама триллион халық қаржысы «сайда саны, құмда ізі қалмай», жоқ болып кетпеуі үшін елден капиталдың заңсыз кетпеуін құзырлы органдар қызғыштай қорығаны керек.

Авторы — Бақыт Көмекбайұлы

Foreign kazakh, News

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *