«Мудрейший» Ақсақалов

Бүгін Құмар Ақсақаловтың Солтүстік Қазақстан облысына (әрі қарай СҚО) әкім болып барғанына тура бір жыл толды. Былтыр Елбасы «Амал күнінде» бір емес, төрт бірдей облыстың басшысын ауыстырып, үлкен кадрлық өзгерістер жасады. Маңғыстауға Ералы Тоғжанов, Қарағандыға Ерлан Қошанов, Ақмолаға Мәлік Мырзалин және СҚО-ға Құмар Ақсақалов әкім болып барды. Міне, осы әкімдердің ішінен Құмар Ақсақаловқа «құмарымыз» ауып, бір жылда не атқарды, несімен есте қалды деген сұраққа жауап іздеп көрмекпіз.

Өзі шаруаның баласы, әке жолын қуып Мәскеуде ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған. Өзі туған Қостанай облысында қызметін инженер болып бастап, 1998-2002 жылдары Қостанай облысындағы Меңдіқара ауданының әкімі, 2002-2004 жылдары Таран ауданының (Тарановский) әкімі деңгейіне дейін көтерілді. Сосын Президент әкімшілігіне инспектор болып Астанаға келді. 2006-2010 жылдары Жамбыл облысын басқарған екі бірдей әкімінің тұсында орынбасар болып саяси қызметін бастады. 2010-2014 жылдары «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратының басшысы, 2014-2015 жылдары «Нұр Отан» партиясының хатшысы болды. 2015-2017 жылдары ҚР Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болып қызмет етті. Қысқасы бір облыстың әкімі болғанға дейін қызметтің барлық сатысынан өтті. Содан бастап дербес облыс басшысы ретінде саяси ғұмыры басталды.

Алғашқы екі айы

Алғаш әкім болған кезінде барлық аудан, қала, департамент басшыларының есебін тыңдады. Облыстың «қаймақтарымен» кездесіп, Наурыз мерекесі тек қалалар мен ауылдардың алаңдары мен көшелерінде тойламай, сондай-ақ, әр аулада да тойлауды ұсынды. Бұл туралы қазақтілді БАҚ біткен жарыса жазып, Наурызды тойлаудың ерекше формасын ұсынған жаңа әкімге таңданыс білдіргендер де көп болды.

Ақсақалов СҚО-ға барған кезде табиғаттың тылсым мінезінен облыстың біраз өңірін су басып, қысылтаяң шаққа тап болды. Әйтсе де, «ер етігімен су кешіп жүріп» облыстың барлық проблемалы аудандарымен танысып үлгеріп, БАҚ-та да аты жиі атала бастады. Арнайы штаб құрып, күні-түні қызмет етті. Үкімет отырысында облыстың ахуалы туралы үзіліссіз баяндады. Облысқа республикалық БАҚ-тың назары ауып, Ақсақалов туралы ақпараттар қардай борады. Су тасқынынан зардап шеккен халықтың шығыны толық өтелетінін айтып, беделі артпаса да, әкім ретінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Қысқасы, жаңа әкімнің алғашқы екі айы осылай өтті.

Ақсақалов барғанға дейін

Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік жағдайы басқа облыстармен салыстырғанда анағұрлым төмен болды. Шағын және орта бизнес шатқаяқтап, көптеген кәсіпорындар жабыла бастады. Орташа жалақы мөлшері басқа өңірлермен салыстырғанда өте төмен, жұмыссыздар саны да пайызға шаққанда көп адамды құрады. 2016 жылы облыс халқы 8 мың адамға азайып, өңірден қоныс аударғандардың саны көбейді. Тіпті, бұл әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелердің бірі деп айтуға болады. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген тәмсілді осындайда тұздық ретінде пайдалануға болады. Былтыр облыс басшысы Құмар Ақсақалов 10 айдың ішінде облыстан 4 мың адам басқа жаққа қоныс аударғаны туралы айтқаны осыған дәлел. Оның ішінде облыспен шекаралас Ресейге ағылғандардың саны да жеткілікті.

Облысқа инвестиция тарту бойынша Ерік Сұлтановтың (СҚО-ның 2014-2017 жыл аралығындағы әкімі) тұсында да жалпы республикалық есеппен алғанда жақсы көрсеткіш тіркелді. Әйтсе де, бұрынғы әкім облыс жұртының ахуалын жақсартып, бизнесті аяққа тұрғызуға шамасы жетпеді. Аграрлы облыс болғандықтан, ауыл шаруашылығы саласында алғашқы жылдармен салыстырғанда өсім байқалғанмен, республикалық деңгейде көп өсім бермеді.

Ақсақалов барғаннан кейін

Ақсақалов жылдың басында дәстүрге сай, басқа облыс басшылары секілді халық алдында есеп берді. 2017 жылы не атқарғанын, қай салада өсім байқалғанын тәптіштеп айтып берді. Оның айтуынша, еліміздің солтүстік қақпасы даму жолына түскен. Былтыр ауыл шаруашылығындағы өнім өндірісі 2,3 пайызға артып, 510 млрд теңгеден асқан. Салаға құйылған инвестиция көлемі — 72, 2 млрд теңгені құрады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 26 пайызға жоғарылаған. Бұл көрсеткіш бойынша СҚО республикада көш бастап тұр. Ақсақаловтың әу баста айтқан «индустриалық-аграрлы өңірге айналуы тиіс» деген мақсаты орындала бастаған сияқты.

Құрылыс саласы да қарап қалмапты. 2017 жылы 200 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа берілсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш одан әрі арта түспек. Нәтижесінде 1600-ге жуық отбасы пәтір кілттеріне ие болады. Елімізде әлеуметтің әлжуаз топтарын тұрғын үймен қамту көрсеткіші бойынша өңіріміз көш басына шыққан.

Логистика да дамып, өткен жылы көлік логистикасын дамытуға 11 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініпті. Халықаралық әуежай қалыпқа келтіріліп, Оңтүстік-Орал темір жолы және бірқатар бағыттар бойынша күре жолдар жөнделіп бастаған. Жалпы, биылғы облыс әкімінің есептік кездесуіне келген жұрттың ең көп алаңдатқан сауал – облыстық маңызы бар жолдардың жағдайы туралы болды. Облыстағы жалпы жолдың ұзақтығы 9 мың шақырым болса, оның ішінде әлі күнге дейін шешімін таппаған облыстық, аудандық маңызы бар жолдар жеткілікті.

СҚО мен Астананың арасына «қан жүгіртті»

Қазақстан және Ресей президенттерінің қатысуымен Челябі қаласында өткен ХІХ өңіраралық ынтымақтастық форумында тараптар мемлекеттік деңгейдегі келесі басқосуды 2018 жылы Петропавл қаласында өткізуге уағдаласты. Ол «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудағы жаңа көзқарастар мен тенденциялар» тақырыбында болмақ. Сол форумда РФ президенті Владимир Путин СҚО әкімі Құмар Ақсақаловқа сөз беретін кезде тегіне байланысты қысқаша қағытып өткен болатын. «Я хотел бы предоставить слово, видимо, самому мудрейшему — акиму Северо-Казахстанской области, фамилия Аксакалов», — деді Путин сол кездесуде.

Жақында ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Солтүстік Қазақстан облысына арнайы іссапармен барып, Петропавл қаласының алда өтетін өңіраралық форумға дайындық мәселелерін пысықтап қайтты.

Оқи отырыңыз: Петропавл Путин мен Назарбаевты қарсы алуға дайын ба?

Жалпы, СҚО-да мұндай халықаралық маңызы бар шаралар тұрмақ республикалық маңызы бар шаралардың өтпегеніне өте көп уақыт болды. Осындай ауқымды форум ұйымдастыру арқылы Петропавл қаласы бүгінде жаңарып, «жасарып» қалған. Қалада көп жылдар бойы қолға алынбаған көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа шамдар орнатылған. Ғимараттардың іші-сырты ретке келтіріліп, қонақүйлер саны артқан. Көп жылдар бойы абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген Петропавлдың бүгінде ажары кіріп қалған.

Жұмыс стилі

Мемлекеттік мекемелерге ескертусіз кіріп барады. Облыстағы кейбір тәртіптерді ұрандатып, жариялы түрде жеткізеді. «Ендi жер телiмдерi тек ашық аукцион арқылы сатылу керек. Жердi алғаннан кейiн онда нысан тұрғызу қажет, өйтпеген жағдайда қайтарып аламыз» деген сияқты сөздері барлық БАҚ беттерінде жарияланды. Халыққа ұнамды ұсынысты жиі айтады. «Жаңа жылды тойлауға бір тиын да бөлмей, бар қаржыны осы аулаларды көркейтуге жұмсау керек» деген еді. Бұл жағынан оның жұмыс стилінен ешқандай жаңалық байқалмайды. Барлық әкімдерге тән маңызды қызметтегі басшыларды ауыстырды. СҚО әкімінің білім, денсаулық сақтау, идеология және спорт  мәселелері  бойынша орынбасары болып Мадияр Қожахмет, СҚО әкімі аппаратының басшысы болып Қанат Сәрсембаев тағайындалды. СҚО әкісі аппаратының басшысы болып Дархан Әмрин қызметке кірісті. Бірнеше басқарманың басшысы ауысты. 2018 жылдың қаңтар айында алты бірдей ауданның әкімін ауыстырды.

News, Саяси портрет

Related Articles

0 Comment

Leave a Comment

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *